jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    18+
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Шымкентте уақытша ұстау изоляторына жеткізілген 23 жастағы бойжеткен қайтыс болды

    Қолы кісенделген әйел
    Қолы кісенделген күдікті. Иллюстрациялық фото: Pawel Kacperek / Getty Images

    Шымкентте уақытша ұстау изоляторына жеткізілген 23 жастағы бойжеткен қайтыс болды. Бұл туралы адвокат Мұхаммед Алиосман Оғлы мәлімдеді. Қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Адвокат өз Instagram парақшасында хабарлағандай, бойжеткен танысы шақырғасын, мас күйде отырған бір топ адам жиналған үйге келген.

    Оның айтуынша, ішке кіргеннен кейін үйдегі жігіттердің бірі бойжеткенді жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлемек болған. Бойжеткен қарсылық танытып, сыртқа қашып үлгерген.

    Қауіпсіздігіне алаңдаған бойжеткен құрбысына өзінің қайда жүргенін хабарлап, полиция шақыруды сұраған.

    Сондай-ақ көшеде жігіттер арасында да жанжал туындап, оны бойжеткен видеоға түсіріп үлгерген. Адвокат бейнежазбадан жігіттердің бірінің қолында пышақ болғанын және "мен оны пышақтамайынша, кетпеймін" деген сөздер естіліп жатқанын аңдауға болатынын атап өтті.

    Полиция келгеннен кейін үйден пышақ жарақатын алған жас жігіт табылды. Бойжеткенге Қазақстан Қылмыстық кодексінің 106-бабы 2-бөлігі бойынша айып тағылды.

    Адвокат бойжеткенді үйқамаққа жіберуді немесе кепілдікпен босатуды сұраған, бірақ сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Бойжеткен уақытша ұстау изоляторына қамалды, кейінірек қайтыс болды.

    Шымкент қалалық полиция департаментінің NUR.KZ тілшісіне берген ақпаратына сәйкес, кәмелетке толмаған балаға қасақана ауыр дене жарақатын салды деген күдікпен Шымкент тұрғыны ұсталған.

    "Тергеу мәліметтері бойынша, бойжеткен 2 мамырға қараған түні ойын-сауық мекемесінде болып, артынша танысының үйіне келген, онда танысының бауыры мен қарындасы, сондай-ақ достары болған.

    Куәгерлердің айтуынша (бейнежазба түріндегі дәлелдер бар), бойжеткен мен кәмелетке толмаған жігіт арасында жанжал туындаған, ақыры бойжеткен басқалардың көзінше жасөспірімге пышақ жарақатын салған.

    Оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем шақырылды. Зардап шегуші ауруханаға жатқызылды", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

    Факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, бірқатар қажетті алғашқы тергеу іс-шарасы жүргізілген.

    Сол күні күдікті полиция бөлімшесіне жеткізілді. Медициналық тексеру оның мас екенін растады. Бойжеткеннің ешқандай жарақат алмағаны анықталды.

    "12 мамырда, тұтқындалғанынан он күн өткен соң, ісі тергеліп жатқан бойжеткен оған қатысты заңсыз әрекеттер жасалғаны туралы хабарлады.

    Тергеу барысында үйде болғандардың барлығынан жауап алынды. Куәгерлер бойжеткеннің сөздерін растамады.

    Десе де сотқа дейінгі тергеу аясында барлық мән-жай мен айыпталушының мәлімдемелері тексеріліп жатыр", - деп атап өтті Шымкенттің полиция департаменті өкілдері.

    Сотқа дейінгі тергеу барысында Шымкент тергеу соты күдіктіні екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды.

    15 мамырға қараған түні камерасында отырған бойжеткен қасында жатқан өзге адамдарға денсаулығы нашарлап бара жатқанын айтқан.

    Күдікті шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізіліп, бірнеше сағаттан кейін қайтыс болды.

    "Өлімге алдын ала себеп - дәрілік препараттан улану", - деді ведомство өкілдері.

    Факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

    Уақытша ұстау изоляторында ұстау ережелерін бұзу жағдайлары болған-болмағанын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта бірқатар қажетті тергеу шарасы жүргізіліп жатыр.

    "Оқиғаның барлық мән-жайы толық, жан-жақты әрі объективті тергеу барысында анықталады.

    Тергеу полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған", - деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.

    Шымкентте уақытша ұстау изоляторына жеткізілген 23 жастағы бойжеткен қайтыс болды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.