Алматыда әкесінен зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеген блогер 10 тәулікке қамалды
Жарияланған күні:
Алматыда әлеуметтік желіде әкесінен зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеген блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Алматы полициясының мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде блогер әкесінен зорлық-зомбылық көргені туралы айтқан, сондай-ақ бейәдеп сөздер қолданып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттер көрсетілген видеолары анықталған.
Бұл мәлімдемелер бойынша тексеру жүргізіліп, контент авторы мен оның ата-анасынан жауап алынған. Тексеру нәтижесінде бұл әрекеттер туралы ақпарат расталмаған. Сонымен қатар видеодан қыздың тыйым салынған заттарды қолданғаны байқалған. Медициналық куәландыру оның есірткі заттарын пайдаланғанын растады.
Полиция блогердің әрекеттерінен ұсақ бұзақылық жасау және жалған ақпарат тарату белгілерін анықтап, жиналған материалдарды сотқа жолдаған.
Бұдан бөлек бұған дейін полиция қызметкерлері блогермен профилактикалық әңгіме жүргізіп, құқыққа қайшы мінез-құлыққа жол бермеу туралы ресми ескерту тапсырған.
Сот шешімі бойынша құқық бұзушыға 10 тәулік әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2392963-bloger-zhuzefina-10-taulikke-qamaldy/