"Қонақүйде босанып, суға ағызып жіберген": астаналықтар кәрізден шақалақтың денесін тауып алды
Жарияланған күні:
Астанада тұрғын үйлердің біріндегі кәрізден тұрғындар шақалақтың денесін тапты. Олар шақалақты тұрғын үй маңында орналасқан қонақүйде белгісіз әйел өмірге әкелуі мүмкін екенін алға тартады. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша полиция тексерісті бастады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жантүршігерлік оқиғаны Threads желісінде tatarovna_ нигімен тіркелген пайдаланушы баяндаған. Оның сөзінше, өзі тұрып жатқан ауданда дәл үйінің іргесінде бірер жыл бұрын қонақүй салынған және бұл тұрғындарға ыңғайсыздық тудырып отыр.
"Осы айда болған жайт адами түсінік шегінен шығып кетті. Қонақүйге келген әйелдердің бірі нөмірде дәл унитазда босанып, баланы - кіп-кішкентай алты айлық қызды кәрізге ағызып жіберген (кәріз жүйесі ортақ).
Сағат түнгі үште көрші әйелдің қоңырауынан ояндым. Ол кәрізден не табылғанын айтып, полиция қызметкерлеріне көмектесу үшін үйден шығуымды сұрады. Қызметкерлер бірден кімнен күдіктенуге болатынын, мұндайға кім баруы мүмкін екенін сұрады. Біз тұрғындар арасынан ешкімнен күдіктенбейтінімізді, аталған қонақүйге келгендердің бірі болуы мүмкін екенін айттық", - деп жазды астаналық тұрғын.
Оның сөзінше, құқық қорғау органы қызметкерлері аталған қонақүйде қолдануға тыйым салынған заттар таралып жатқанын жеткізген.
Бұл жазбаға қатысты Астана қалалық полиция департаментінің өкілдері пікір білдірді.
"Кәріз жүйесінде шарананың табылу дерегі бойынша "Алматы" ауданы полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Қылмыстық іс аясында жедел тергеу шараларының кешені жасалып жатыр, қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу барысында аталған қылмыстық құқықбұзушылыққа қатысы бар тұлға анықталды", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2399993-qonaquide-bosanyp-suga-agyzyp-zhibergen-astanalyqtar-karizden-shaqalaqtyng-denesin-tauyp-aldy/