Атырауда вагонға билетсіз мінген жолаушы пойызда көз жұмды
Жарияланған күні:
Атыраудан Ақтөбеге бағыт алған жолаушылар пойызында қайғылы оқиға болды. Вагонға билетсіз мінген ер адам жол үстінде кенеттен көз жұмды, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Марқұмның жасы 44-те, пневмония диагнозы қойылған азамат Ақтөбеге емделуге келе жатқан. Осы оқиғадан кейін 3 теміржол қызметкері жұмыстан шығарылды.
"Атырау-Ақтөбе" бағытындағы пойыз бастығының рапортына сәйкес, жолаушы вагонға жол жүру билетінсіз отырған. Оны пойызға жолсерік кіргізгені анықталды.
Қандыағаш пен Ақтөбе аралығында ер адамның жағдайы күрт нашарлап, ол оқиға орнында көз жұмды. Теміржол компаниясы вагондағы кондиционер мен өзге де сервистік жүйелер қалыпты режимде жұмыс істегенін мәлімдеді.
Оқиғадан кейін Ақтөбе станциясындағы желілік полиция процессуалдық тексеру бастады. Ал компанияның қызметтік тексеруі нәтижесінде екі жолсерік пен пойыз бастығы қызметінен босатылды.
Бұдан бөлек, Ақтөбе учаскесінің басшысы мен өндірістік оқыту жөніндегі нұсқаушыға қатаң сөгіс берілді.
"Атырау-Ақтөбе жолаушылар пойызында кенеттен жолаушы қайтыс болу фактісі бойынша Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу іс-әрекеттері жүргізілуде. Алдын ала диагнозы – екі жақты пневмония. Өзге де ақпараттар Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы бойынша жария етілмейді", - дейді Ақтөбе станциясындағы көліктегі ПБ бастығының орынбасары Нұрбек Ахметов.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2401943-atyrauda-vagonga-biletsiz-otyrgan-zholaushy-poiyzda-koz-zhumdy/