jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    Павлодар облысында кәсіпорында қаза тапқан 6 жұмысшының отбасына қандай көмек көрсетіледі

    Ақша санап отырған әйел
    Ақша санап отырған адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

    Павлодар облысындағы кәсіпорында алты жұмысшы қаза тапқаннан кейін арнайы комиссия құрылды. Қаза тапқандардың отбасына қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    20 шілдеде Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы "AQTOGAI MILK" ЖШС аумағында өндірістік жабдықтарға қызмет көрсету жұмыстары кезінде жазатайым оқиға орын алып, салдарынан алты адам қаза тапты. Тағы бір қызметкер дәрігерлердің бақылауында қажетті медициналық көмек алып жатыр.

    Үкімет басшылығының тапсырмасымен оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар, ішкі істер, денсаулық сақтау, экология және табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері кірді.

    "Комиссияға оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті зерделеу, жазатайым оқиғаның себептерін анықтау және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу жөнінде нақты шаралар әзірлеу тапсырылды.

    Қаза тапқандардың отбасына және зардап шеккен азаматқа мемлекеттік органдар мен жұмыс беруші тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі. Жұмыс беруші материалдық көмек көрсетуді, қаза тапқан қызметкерлердің жалақысы мөлшеріндегі төлемдерді ағымдағы жылдың соңына дейін сақтауды, сондай-ақ олардың несие міндеттемелерін өтеуді өз мойнына алды. Бұдан бөлек, компания қаза тапқан қызметкерлердің кәмелетке толмаған балаларын кәмелеттік жасқа толғанға дейін асырау мен оқуына байланысты шығындарын толық өтемек", - делінген ведомство хабарламасында.

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Павлодар облысына барып, оқиға орнындағы жағдаймен танысып, өңір басшылығының, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен үйлестіру кеңесін өткізді.

    Министр қаза тапқандардың туыстарымен де кездесіп, оларға көңіл айтып, мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.

    Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сонымен бірге тергеу барысы Үкімет бақылауында болады.

    Павлодар облысында кәсіпорында қаза тапқан 6 жұмысшының отбасына қандай көмек көрсетіледі

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.