Интернеттегі арбау: Сирияға аттанған көзі көрмейтін азамат темір торда жазасын өтеп жатыр
Жарияланған күні:

Жат ағымның жетегінде кетіп, Сирияға аттанған Ербол Әбенов бүгінде темір торда жазасын өтеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ербол Әбенов қазір Ұлытау облысындағы түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Оның екі көзі де көрмейді. Алайда бұл жағдай радикалды діни ағымның ықпалына түсуіне тосқауыл болмаған. Ол жеке кәсібін жауып, интернеттегі үгіт-насихатқа сеніп, Сирияға аттанған.
Айтуынша, әлеуметтік желіде мұсылмандарды қорғауға шақырған ақпараттарға иланып қалыпты. Бірақ шетелге барған соң көргені мүлде басқа болған.
"Ең басты себеп – интернет. Соның салдарынан теріс ағымға ұрынып, Сирияға кетіп қалдым. Бізге мұсылмандарды қырып жатыр, келіңдер, көмектесіңдер деген сияқты үгіт-насихаттар жүрген. Кейін біз барған кезде ойлағандай болып шыққан жоқ. Бір-біріне қол көтеріп, бір-бірін өлтіріп жатты, бір-бірін такфир жасап жатты", – деді жазасын өтеуші Ербол Әбенов.
Ербол содырлардың әрекетін ақтайтын бейнероликтерге түсіп, оларды әлеуметтік желіде жариялаған. Ал қазір жасаған ісіне өкінетінін айтады. Бірақ тым кеш. Салдарынан терроризмді насихаттағаны үшін сот үкімімен бас бостандығынан айырылды.
Теологтардың айтуынша, мұндай ұйымдар адамдарды діни білім арқылы емес, эмоция мен жалған ақпарат арқылы арбайды екен.
"Радикализация проблемасын діни жағынан зерттеген кезде адамдардың 75-80 проценті интернет желісі арқалы арбалғанын көріп отырмыз", – деді теолог Жандәулет Сүлейменов.
Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде жат ағым және діни экстремизмге қатысты қылмысы үшін 20-дан астам адам сотталған. Олардың бірқатары әлеуметтік желіде терроризмді насихаттаса, енді бірі шетелде жүріп заңсыз әрекеттерге қатысқан.
Авторлар: Гүлмарал Изатқызы, Алмат Ілиясов
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2402921-internettegi-arbau-siriiaga-attangan-kozi-kormeitin-azamat-temir-torda-zhazasyn-otep-zhatyr/
