Астанада бір жасар баладан туберкулез анықталды: тексеру басталды
Жарияланған күні:

Астана қаласында бір жасар баладан туберкулез анықталуына байланысты арнайы комиссия құрылып, қызметтік тексеру басталды. Бұл туралы BAQ.KZ хабарлайды.
Басылымның жазуынша, аталған деректі Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлаған.
Бұған дейін Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы бір жасар жиенінен туберкулез анықталғанын айтып, бұл жағдайға қоғам назарын аударуды сұраған болатын.
"Денсаулық сақтау министрлігі, қалайша №1 қалалық ауруханада ашық түрдегі туберкулезбен ауырған медбике жұмыс істеген? Енді менің бір жасар жиенімнен туберкулез анықталды. Компьютерлік томография (КТ) оның туберкулез екенін растады", – деп жазды жазба авторы.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аталған дерек бойынша арнайы комиссия құрылып, жан-жақты тексеру жұмыстары басталған.
"Баланың туберкулезге шалдығуына байланысты қызметтік тексеру жүргізу үшін комиссия құрылды. Оның құрамына қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас мамандары – педиатр, фтизиатр, пульмонолог, сондай-ақ сәулелік және функционалдық диагностика саласының маманы енгізілді", – деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар комиссия жұмысына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының және Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары да тартылатын болады.
Басқарма өкілдері қазіргі уақытта тиісті жұмыстардың басталғанын мәлімдеді. Алайда әзірге тексерудің алдын ала қорытындылары мен басқа да мән-жайлары жарияланған жоқ.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2404772-astanada-bir-zhasar-baladan-tuberkulez-anyqtaldy-tekseru-bastaldy/
