jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    18+
    Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    "Деменциямен ауырады": Алматыда мүгедектігі бар 26 жастағы қыздың анасы қызы зорланғанын айтып, мәлімдеме жасады

    26 жастағы қыздың анасы
    26 жастағы қыздың анасы. Кадр видеодан: КТК телеарнасы

    Алматыда 26 жастағы қыздың анасы қызына қорлық көрсеткен адамға жаза сұрайды. Айтуынша, деменция диагнозы бар қызын бейтаныс жігіт алдап пәтерге апарып, ойына келгенін істеген. Анасы полицияға жүгінгенімен, күдіктіні босатып жібергенін айтады. Іс "өзара келісіммен болған" деген негізбен сотқа жетпей тоқтатылған. Ана істің қайта қаралып, кінәлі адамның жауапқа тартылуын талап етеді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

    26 жастағы қыз екі жасынан бері екінші топтағы мүгедектігі бар жан ретінде есепте тұр. Қыз белгісіз жігітпен ұялы телефондағы ойын арқылы танысқан. Кейін ол Шымкенттен арнайы Алматыға келіп пәтер жалдап, қызды "киноға барамыз" деп шақырған.

    "Қолымнан ұстай бастады. "Тиіспе", - дедім, бірақ ол мені тыңдамады. "Мені үйіме жіберші", - дедім, жіберген жоқ. Телефонымды өшіріп тастады. Мені үш рет шешіндіріп, үш рет қинады. Қабырғаны ұрдым, ешкім естіген жоқ. Айқайладым, ешкім естімеді. Қатты жыладым", - дейді жәбірленуші.

    Келесі күні анасы қызының денесі көгеріп, асты қансырап келгенін көрген соң, бірден полицияға арыз жазыпты. Ол күдікті қызының денсаулық жағдайын біле тұра, дәрменсіз күйін пайдаланды дейді. Сондай-ақ дәрігерлер қыздың жыныс мүшесінде екі сантиметрге дейін жететін жыртық барын анықтап, шұғыл ота жасаған. Ал бұған дейін жүргізілген сот-медициналық сараптама кезінде бұл жарақат көрсетілмеген көрінеді.

    "Қыздың жағдайын айтып жеткізе алмаймын. Үстінің бәрі көгерген. Әбіржіп кеткен, бір тәуліктің ішінде. Сол жерде қызды бір тәулік ұстап, ойына келгенін істеген. Менің қызымның дәрменсіз жағдайын пайдаланған. Денсаулығының жоқтығын пайдаланған. Бір емес, үш дәрігер көріп отырып, қызымның жыныс мүшесіндегі кесілген жерді көрмеген. Меңгеруші де көріп отыр. Соны бізге сараптамада көрсетпеген", - дейді қыздың анасы.

    Оның айтуынша, күдіктіні полиция ұстағанымен, бірден босатып жіберген. Кейін іс сотқа жетпей, "бәрі өзара келісіммен болған" деген уәжбен тоқтатылыпты. Ал заңгерлер бұл шешіммен келіспейді. Олардың айтуынша, бойжеткеннің денсаулық жағдайы ескерілмей, тергеуді тоқтату — заңға қайшы. Сондықтан қаулыға шағым түсіріп, қайта қаратуға мүмкіндік бар екенін айтады.

    "Егер қыздың мүгедектігі болса, онда келісіммен болды деген — заңсыз. Өйткені қыздың іс-әрекетіне арнайы психологиялық сараптама тағайындалуы керек еді. Қыздың шынымен де ауытқуы бар ма, жоқ па? Қыздың ауытқуы болса, оның айтып жатқан сөздері шындыққа жанаса ма, жанаспай ма? Бұл жерде ең басты құжат — қыздың шынымен де мүгедектік құжаты. Сол құжат негізінде қылмыстық істі бұзып, әрі қарай терең зерттеуге болады", - деп пікір білдірді заңгер Ғабит Өмірбек.

    Ал полицияның мәліметінше, үш айдан аса уақыт бойы барлық тергеу жүргізілген. Нәтижесінде қылмыс құрамы анықталмағандықтан, іс тоқтатылды деп отыр.

    "Полиция қызметкерлері қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген барлық тергеу амалын, барлық сараптама зерттеуін өткізіп, нәтижесінде қылмыс құрамының жоқ екені анықталып, қылмыстық іс өндірісі тоқтатылды. Қабылданған шешіммен аудан прокуратурасы оны толық заңды деп танып, келісті", - деп атап өтті Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

    Ал жәбірленуші тарап бұл шешіммен келіспейді. Қызы үшін шыр-пыр болған ана қылмыстық істің қайта тергелуіне қол жеткізу үшін прокуратураға шағымданбақ.

    Дереккөз: КТК телеарнасы

    "Деменциямен ауырады": Алматыда мүгедектігі бар 26 жастағы қыздың анасы қызы зорланғанын айтып, мәлімдеме жасады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.