jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    18+
    Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    Нұрай Серікбайдың өлімі: сотталушы сотта күтпеген мәлімдеме жасады

    Айыпталушы
    Уақытша ұстау изоляторы. Көрнекі фото: Максим Золотухин

    Қоғамның қызу талқысына түскен Нұрай Серікбайдың ісі бойынша тағы да күтпеген жайттар белгілі болды. Бүгін айыпталушы Шерхан Аймахан мінберге шығып, өз кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

    Шерхан Аймахан қанды қылмыс болған күннің әр сәтін егжей-тегжейлі баяндады. Ол сол кезде Нұрай Серікбаймен айырылысқысы келгенін, десе онымен қыздың келіспегенін айтты. Тіпті "бірінші болып мені Нұрай пышақтады" деп, денесіндегі жарақатын көрсетті. Бірақ өзінің бойжеткенге қанша рет және қалай пышақ сұққанын айта алмады.

    "Аффект жағдайда болғаннан кейін айтып жатырмын ғой. Бірінші қоштасу үшін бардым. Бірінші жүзігін лақтырды, сосын балағат сөздер айтып, көкірегімнен ұра бастады. Кейін мен пышақта деп, кішкентай пышақты бердім. Сосын ол мына жеріме сол қолымен соққы жасағаннан кейін, есімді жоғалтып алдым. Ары қарай есімде жоқ", – деді айыпталушы Шерхан Аймахан.

    Жағдайды толық есіне түсіре алмағанын айыпталушы өзінің бас жарақатымен байланыстырды. Шерхан Аймахан мұндай сәттер өзінде жиі болып тұратынын жеткізді. Сөзіне сенсек, ол есін 2-3 күндеп, кейде апталап жоғалтып алады екен.

    "Менің диагнозымда аралас ойлар және әрекеттер деген диагноз бар. Ондайлар болып тұрады. Нұрайға дейін де одан кейін де қайталанған. Нұрайдың ата-анасынан, ағаларынан, туысқандарынан және де өзімнің әке-шешемнен, барлық әулетімнен кешірім сұраймын. Мұндай іс-әрекетке жетеді деп мен ешқашан ойламағам", – деді айыпталушы Шерхан Аймахан.

    Бірақ айыпталушының бұл сөздеріне жәбірленуші тарап мүлдем сенбеді. Олар Шерхан Аймаханның сол сәтте аффект күйінде болғанына күмәнмен қарайды. Себебі сараптама қорытындысында сотталушының ақыл-есі орнында екені тайға таңба басқандай көрсетіліпті.

    "Сотталушы Нұраймен қалай жолыққаны, қанша ақша құртқаны бәрі есінде. Ал нақты қылмысқа келген кезде есінде жоқ дегенге мүлдем сенбеймін. Оған күмәнмен қараймын. Ол жазадан құтылудын амалы деп санаймын", – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров. 

    Сотта Шерхан Аймахан Нұрай Серікбаймен қалай танысқанынан бастап, болашаққа құрған жоспарына дейін айтып берді. Екеуі 2025 жылдың жазынан бері кездесіп жүріпті. Айыпталушы жас қызға ақша аударып, түрлі сыйлық тарту етіпті. Алайда бойжеткеннің ата-анасы ол қаражаттың барлығын қайтарып бергенін жеткізді.

    "Полиция бөліміне, прокуратураға арыз-шағымымды бердім. Осылардың бәрі бір шара қолданғанда, мұндай нәрсе болмас еді. Ешқандай ер азаматқа лайық іс емес деймін. Адамдық қасиеттен, тәрбиеден жұрдай", – деді марқұм Н. Серікбайдың әкесі Бауыржан Сағымбек.

    Еске салайық, Шерхан Аймаханға бірден бірнеше ауыр айып тағылған. Олардың қатарында "сталкинг", "некеге тұруға мәжбүрлеу " және "аса қатыгездікпен адам өлтіру " баптары бар.

    Күдікті 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен.

    Нұрай Серікбайдың өлімі: сотталушы сотта күтпеген мәлімдеме жасады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.