jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    52 көлік, тұрғын үйлер, ірі көлемдегі алтын: атышулы Nazira Gold ісі бойынша үкім өзгеріссіз қалды

    Тергеу әрекеттері кезінде жасалған видео
    Тергеу әрекеттері кезінде жасалған видео. Кадр видеодан: t.me/afm_rk

    Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны, қаржы пирамидасын құрғаны және оған басшылық еткені, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастырғаны үшін сотталған Nazira Gold қаржы пирамидасын ұйымдастырушыға қатысты қылмыстық істі қайта қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Кассациялық соттың мәліметінше, 2024 жылғы мамырдан 2025 жылғы ақпанға дейін жоғары табысқа кенелуге уәде беру арқылы азаматтардан 1,2 млрд теңгеден астам қаражат тартылғаны анықталған.

    Тергеу және сот барысында тартылған қаражаттың қымбат автокөліктер, жылжымайтын мүлік пен зергерлік бұйымдар сатып алуға жұмсалғаны анықталды.

    Мүліктің қылмыстық жолмен алынғанын жасыру мақсатында ол туыстары мен өзге адамдардың атына рәсімделген.

    Сот үкімімен мемлекет кірісіне 392,9 млн теңге қолма-қол ақша, құны 896,3 млн теңге болатын 17,8 килограмм алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар, 186,9 грамм күміс зергерлік бұйымдары, сондай-ақ 52 автокөлік, тұрғын үйлер, пәтерлер және коммерциялық мақсаттағы жылжымайтын мүлік тәркіленді.

    Ведомство хабарлауынша, сотталушының әрекетінен 151 адам зардап шеккен. Оның ішінде 76 жәбірленушінің пайдасына материалдық залал өндірілді, 12 жәбірленушінің азаматтық талап қою құқығы танылып, залал мөлшерін айқындау мәселесі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға берілді.

    Тағы 63 жәбірленушіге тиісті талаппен азаматтық сотқа жүгіну құқығы түсіндірілді.

    Сотталушыға азаматтардың ақшалай қаражатын және инвестицияларды тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға айыра отырып, мүлкін тәркілеу және 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу бір жылға кейінге қалдырылды.

    Қорғау тарапы іс-әрекеттің дұрыс сараланбағанына және тағайындалған жазаның шамадан тыс қатаң екеніне сілтеме жасап, сот актілерінің күшін жоюды сұраған. Ал жәбірленушілердің бір бөлігінің өкілі тәркіленген мүлік келтірілген залалды өтеуге пайдаланылуға тиіс деп есептеп, мүлікті тәркілеу туралы шешімді қайта қарау туралы өтініш жасаған.

    "Кассациялық сот сотталғанның кінәсі іс бойынша зерттелген дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденген, қылмыстық заңның дұрыс қолданылғаны, ал тағайындалған жазаның жасалған қылмыстардың ауырлығына сай келетіні туралы қорытындыға келді.

    Сонымен қатар сот заңнамаға сәйкес жәбірленушілердің талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін ғана тәркіленген мүлік мемлекет кірісіне берілетінін атап өтті.

    Нәтижесінде кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылып, сот актілері өзгеріссіз қалдырылды", - делінген қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сотының хабарламасында.

    52 көлік, тұрғын үйлер, ірі көлемдегі алтын: атышулы Nazira Gold ісі бойынша үкім өзгеріссіз қалды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.