Алматы облысында 18 шенеунік жазаланды: олар инвесторлардың жұмысына кедергі келтірген
Жарияланған күні:

Алматы облысында инвесторлардың жұмысына кедергі келтірген 18 шенеунік жазаланды. Олардың ішінде 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды kazinform.
Алматы облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, прокурорлық сүйемелдеу аясында бақылау-қадағалау органдары жүргізген 6 заңсыз тексеру мен салынған 3 әкімшілік айыппұлдың күші жойылды. Сонымен қатар инвесторларға 4 жер учаскесі беріліп, электр желілеріне қосылуға 2 техникалық шарттың рәсімделуі қамтамасыз етілді.
Инвесторларға әкімшілік кедергі келтіргені үшін 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 10 лауазымды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Прокуратураның қабылдаған шараларының нәтижесінде 100-ге жуық инвестор Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілді. Бұл оларға прокурорлық қорғау тетіктерін, оның ішінде "прокурорлық сүзгіні" қолдануға мүмкіндік береді.
"Есепті кезеңде прокуратура инвесторларға қатысты 3 тексеруді, 10 әкімшілік хаттаманы және 11 шектеу сипатындағы шараны келісуден бас тартты. Сонымен қатар мемлекеттік органдар прокурормен келісілмей сотқа берілген 2 талап-арызды кері қайтарып алды", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2405954-almaty-oblysynda-18-sheneunik-zhazalandy-olar-investorlardyng-zhumysyna-kedergi-keltirgen/
