Қарағанды облысында ауылдастарының малын ұрлаумен айналысты деген күдікті топ ұсталды
Жарияланған күні:

Қарағанды облысында бірнеше ай бойы ауыл тұрғындарын әбігерге салған мал ұрлығының жолы кесілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.
Нұра ауданында криминалдық полиция қызметкерлері тұрғындардың төрт түлігін жүйелі түрде ұрлап келді деген күдікке ілінген топ мүшелерін ұстады.
Ұсталғандардың өздері ұрлық жасалған ауылдардың бірінің тұрғындары болып шықты. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер биыл наурыздан бастап мал ұрлығымен айналысқан. Бірнеше ай ішінде кемінде бес қылмыстық эпизод жасалған, ауыл тұрғындарының 14 бас ірі қарасы мен 24 қойын қолды болған.
Басылымның хабарлауынша, күдіктілердің әрекеті Қарағанды облысы полиция департаменті Нұра аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ашылған. Ұсталғандардың барлығы Нұра ауданының тұрғындары екені анықталды.
Тергеу барысында күдіктілер өз кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін жеткізген. Полицейлер ұрланған малдың бір бөлігін тауып, заңды иелеріне қайтарды. Атап айтқанда, жеті сиыр мен үш қой иелеріне табысталды. Қалған малдың Ақмола облысы мен Астана қаласының аумағында сатылып кеткені анықталды. Қазіргі уақытта оларды іздеу және заңды иелеріне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар полицейлер ұсталғандардың Нұра ауданында және көршілес өңірлерде жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде бірнеше ай бойы ауыл тұрғындарын алаңдатқан мал ұрлығының жолы кесіліп, ұрланған малды заңды иелеріне қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2407505-qaragandy-oblysynda-auyldastarynyng-malyn-urlaumen-ainalysty-degen-kudikti-top-ustaldy/
