Грекияда қазақстандық 125 жылға сотталып, 1 млрд теңге айыппұл арқалады: СІМ пікір білдірді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Ақтөбе тұрғыны ұлының Грекияда 125 жылға сотталғанын мәлімдеді. Бұл жағдайға қатысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Aktobe times басылымының мәліметінше, редакцияға жергілікті тұрғын Нұрхан Қадырова хабарласқан. Ол 24 жастағы ұлы Рашид Қадыров Түркиядағы жұмыс туралы хабарландыруға алданып, нәтижесінде ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылғанын айтқан.
"Рашид – ортаншы ұлым. Ол ешкімге ештеңе айтпай, заттарын жинап кетіп қалды. Кейін оның Түркияға жұмыс істеу үшін ұшып кеткенін естідім. Бұл мен үшін үлкен соққы болды. Кейін ол өзі бейтаныс нөмірден хабарласып: "Мама, мен Грекияда түрмеде отырмын" деді.
Ол Instagram желісінен жұмыс туралы хабарландыру көргенін айтты. Оған ұшақ билетін алып беріп, туристерді моторлы қайықпен серуендету жұмысын уәде еткен. Кейін белгілі болғандай, бұл заңсыз мигранттарды тасымалдау болып шықты. Ол өзінің не нәрсеге тап болғанын түсінбей де қалған", - дейді анасы.
Нұрхан Қадырованың айтуынша, ұлы шет тілін білмейді, ал жанында аудармашы болмаған.
"Ол құжаттарға қол қою керектігін, әйтпесе жаза мерзімі одан да ұзақ болатынын айтқандарын жеткізді. Қазір оны 125 жылға соттап, 1 млрд теңге көлемінде айыппұл салған. Ол әлі жас, ақша тапқысы келген еді, бірақ осындай қиын жағдайға тап болды", - деп қосты анасы.
Бұл оқиғаға қатысты NUR.KZ тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сауал жолдады.
"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Грекияда жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматы туралы хабардар. Аталған азамат Грекия сотының шешімімен мигранттарды заңсыз тасымалдағаны үшін жауапкершілік қарастырылған бап бойынша сотталған. Жергілікті заңнамаға сәйкес, бұл әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады.
Грекиядағы дипломаттарымыз өз құзыреті шеңберінде азаматқа қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Мәселе бақылауда", - делінген жауапта.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2407716-grekiiada-qazaqstandyq-125-zhylga-sottalyp-1-mlrd-tengge-aiyppul-arqalady-sim-pikir-bildirdi/
