Атырауда төрт баланың анасы өз үйінде үш жасар қызының көзінше аяусыз өлтірілді
Жарияланған күні:

Атырауда 42 жастағы төрт баланың анасы өз үйінде аяусыз өлтірілді. Күдікті — марқұмның азаматтық некедегі жұбайы. Қорқынышты жайтқа олардың үш жасар қызы куә болған. Тіпті ол қанжоса болған анасының жансыз денесінің жанында тәулікке жуық жалғыз қалған, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Үйдің бесінші қабатында 42 жастағы әйелді қылмыскер үш жастан асқан қызының көзінше аяусыз пышақтап өлтірген. Шырылдаған әйелдің жан дауысын көрші-көлем де естімепті. Ең сорақысы, бүлдіршін анасының жансыз денесінің жанында бір тәулікке жуық жалғыз қалған.
Азаматтық некедегі жолдасы оқиға орнынан қашып кеткен. Марқұм Алмагүл Шмирова төрт баланың анасы екен. 38 жастағы күдікті күйеуі Ерсінбек Жұмағалиевпен алты жыл отасқан. Екі қызы тұрмыста, екі қызы анасымен бірге тұрған. Шағын дүкенді кәсіп етіп отырыпты.
16 жастағы қызы анасының және өзінің құрбыларымен бірге дүкенді түнде жауып, үйге келген. Кіре берістен қанды көріп шошып, әрі қарай жүргенде, жерде қанжоса болып жатқан анасы мен жанында ұйықтап жатқан сіңлісін көріпті.
"Мамасына жолай алмаған, есін жинай алмаған, ол қызы 16 жаста. Ана қыздың көзі бақырайып, кішкентай қыз үндемейді дейді. "Не болды?" десек, "папа мамаға пышақ тықты" деп айтады дейді. "Былай тықты", "былай соқты" деп көрсетіп берген бәрін, полицияға да соны айтты. "Маманы соқты, айқайлады, мама, мен жыладым, мен бақырып жылағанда, папа қашты" дейді", - деп оқиғаны баяндады марқұмның анасы Фатима Шымырова.
Марқұмның анасының айтуынша, күдікті 28 жерден пышақ салған. Денесінің сау-тамтығы жоқ дейді.
"Фотоға түсірген, бәрі бар екен, соны көрдік. Алдын да қарадық, алдынан тығылған, арқасынан аямастан тыққан, айуандық жасаған. Арқасынан сау жері жоқ, көрер жері жоқ, тіпті тамағына дейін тіліп жіберген. Айуандық жасаған. Өте қиын. Шок болдық. Алла, қызыма қалай қиянат жасады, алсын жазасын! Басқа ештеңе талап етпеймін. Жоқ қылып жіберсе екен деп отырмын, менің қызымның көрген азабын көрсін!", - дейді Фатима Шымырова.
Туыстарының сөзінше, күйеу баласы бұған дейін де отбасының шырқын бұзып, қызы бірнеше рет полиция да шақырған. Бірақ қайта келіп мазасын алады, қызымыз шарасыз күйде болды деп отыр. Алайда бұл қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкін болмады деп күйінеді.
"28 жерден пышақтап өлтірген. Қинап өтірген. Қорлық көрген. Жауыздықпен өлтіргенін көрдім. Ешбір ата-ана баласына оны тілемейді. Ол бала істеп кетті деп ойлаған жоқпыз. Ұстағанда, "мойнына алды" дегенде ғана сендік", - дейді марқұмның нағашы апасы Дария Өткелбаева.
Марқұмның туыстарының айтуынша, күдікті күйеу бала Атырау қаласынан төрт күннен кейін ұсталған. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Күдікті қамауға алынған.
Анасының қасіретті қазасына куә болған үш жасар бүлдіршін мен 16 жастағы жасөсіпірмнің жан күйзелісін емдеу оңай болмасы анық. Бірақ туыстары психологтарға алып барып, бар амалын жасамақ. Бастысы, қылмыскер қатаң жазаланса болғаны деп отыр. Ал полицейлер күдікті ұсталғанын, қылмыстық іс жүріп жатқанын хабарлады.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2407826-atyrauda-tort-balanyng-anasy-oz-uiinde-ush-zhasar-qyzynyng-kozinshe-aiausyz-oltirildi/
