"Қарғысты қайтарамыз": Қарағандыда "балгерге" сенген әжей 15 млн теңге тұратын алтын бұйымдарынан айырылды
Жарияланған күні:

Қарағандыда өздерін "емші" әрі "балгер" ретінде таныстырған үш әйел 78 жастағы зейнеткерді алдап, оның 15 млн теңге тұратын алтын бұйымдары мен ақшасын иемденіп кеткен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, полицейлер күдіктілерді жедел-іздестіру шаралары барысында қолға түсірді. Оқиға былтыр желтоқсанда болған.
Үйіне қайтып бара жатқан қарияға көшеде үш бейтаныс әйел жолығып, әңгімеге тартқан. Алғашында олар стоматологияға апаратын жолды сұрап, кейін зейнеткердің сеніміне кіріп, психологиялық қысым көрсетуге көшкен. Күдіктілердің бірі әйелге "жақын адамы салған ескі қарғыс бар" екенін айтып, егер оны дереу қайтармаса, өзіне қымбат адамның өміріне қауіп төнетінін жеткізген. Бұған сенген зейнеткер олардың әрбір нұсқауын бұлжытпай орындаған. Әйелдер алдымен "тазартатын ине" сатып алуды ұсынып, түрлі ырым-жоралғыларды жасаған. Кейін үйінен шикі жұмыртқа әкелуді сұрап, соңында қарғыстан арылу үшін барлық алтын бұйымы мен ақшасын газетке орап беруді талап еткен. Өз кезегінде олар мөрленген түйіншек ұстатып, оны 40 күн өткен соң ғана ашып, ішіндегісін өртеп, күлін сол жерге әкелу керектігін айтқан.
Алайда сол түні-ақ күмәнданған зейнеткер түйіншекті ашып көргенде, ішінде бос қағаз ғана жатқанын анықтаған.
Осылайша жалпы құны 15 млн теңге болатын алтын әшекейлері мен жинаған қаражаты қолды болған. Жәбірленушінің берген нақты сипаттамаларының арқасында Қарағанды облысы полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілердің ізіне түсті.
Тергеу барысында олардың Павлодар және Алматы қалаларының, сондай-ақ Жетісу облысының тұрғындары екені және осыған ұқсас алаяқтық әрекеттерге бұрын да қатысы болуы мүмкін екені анықталды. Тіркелген мекенжайлары бойынша жүргізілген іздестіру жұмыстары нәтиже бермегенімен, жедел ақпарат негізінде күдіктілердің Теміртау қаласында жүргені белгілі болып, олар ұсталды. Кейін жәбірленуші оларды Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы полиция бөлімінде таныды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер азаматтарды өзін балгер, емші немесе көріпкел ретінде таныстырып, "қарғысты қайтарамыз", "көз тиюді кетіреміз" деген желеумен ақша немесе бағалы заттарды талап ететін адамдарға сенбеуге шақырады. Мұндай жағдайда бірден полицияға хабарлау қажет.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2408225-qargysty-qaitaramyz-qaragandyda-balgerge-sengen-azhei-15-mln-tengge-turatyn-altyn-buiymdarynan-aiyryldy/
