jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    18+
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    "Өкініп те тұрған жоқ": Ақтауда аяусыз соққыға жығылған 14 жастағы бала басынан ауыр жарақат алды

    Жасөспірім бала
    Жасөспірім бала. Көрнекі фото: freepik.com

    Ақтауда 14 жастағы мектеп оқушысының ата-анасы баласын екі жасөспірім аяусыз ұрып-соққанын айтып, жанайқайын жеткізді. Айтуларынша, олар бұл әрекетін видеоға түсіріп, жазбаны оның досына қорқыту мақсатында жіберіпті. Басынан жарақат алған зардап шеккен бала қазір Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында жатыр. Жәбірленушінің туыстары кінәлілерді қатаң жауапқа тартуды талап етіп отыр, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

    "Ол балалар, тіпті, өкініп те тұрған жоқ. Өзінің жасаған іс-әрекетін толық мойнына алды. Иә, кәдімгідей ашық айтып тұр. "Мен ұрдым, мен жасадым, керек болса, тағы да ұрамын, маған не істейсіңдер" дейді, қасында анасы тұр. Ешқандай өкініш жоқ. Сосын учаскелік полиция арыз алмағаннан кейін, біз қалалық ішкі істер басқармасына барып арыз жаздық", - дейді жәбірленушінің әпкесі Ақтоты Ахметқызы.

    Ақтоты Ахметқызының айтуынша, таңға жақын інісі Әбіш дүкенге шыққан. Аулада оны екі жасөспірім әңгімеге тартқан. Кейін олар баланы ұрып, телефонын тартып алып, оның атынан сол үйде тұратын досына жазыпты. Алайда досы сыртқа шықпаған соң, жасөспірімдер жазықсыз баланы төмпештеп, аяусыз ұра жөнелген екен. Тіпті бейнежазбаны досына жіберіп: "Егер шықпасаң, досыңды осылай ұрып-соғамыз", деп қорқытқан.

    "Інім досы мен басқа жасөспірімнің өзара кикілжіңі үшін жазықсыз таяқ жеп отыр", - дейді Әбіштің әпкесі.

    Зардап шеккен жасөспірім Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, компьютерлік томографиядан және басқа да медициналық тексерулерден өткізілген.

    Дәрігерлер оның басынан ауыр жарақатты анықтап, шұғыл түрде ауруханаға жатқызды. Өңірлік полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

    "Мұндай әрекет ауыр қылмыс ретінде сараланады және оны жасағаны үшін заңнамада қылмыстық жауапкерішілік көзделген. Жанжалға қатысқан барлық тұлға анықталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілді. Барлық тергеу әрекеті жүргізілуде. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін олардың заңды өкілдері заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға қарау және өз құзыреті шегінде шара қабылдау үшін жолданды", - дейді Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева.

    Дереккөз: "КТК" арнасы

    "Өкініп те тұрған жоқ": Ақтауда аяусыз соққыға жығылған 14 жастағы бала басынан ауыр жарақат алды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.