Ресейден Семейге әкелінген қарағайдан аса қауіпті зиянкес табылды
Жарияланған күні:

Абай облысында Ресейден әкелінген карантиндік ағаштан аса қауіпті зиянкес анықталып, оны өткізу әрекетінің жолы кесілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Абай облысы бойынша аумақтық инспекциясының инспекторлары қауіпті карантиндік нысанмен залалданған ағаш өнімдерін өткізу әрекетінің жолын кесті.
Ресейден Семейге әкелінген көлемі 58,2 текше метр қылқан жапырақты дөңгелек ағаш материалына (қарағайға) жүргізілген қайталама карантиндік фитосанитариялық тексеру барысында қарағайдың қара мұртты қоңызының (Monochamus galloprovincialis) дернәсілдері анықталды. Бұл – аса қауіпті карантиндік зиянкес", - делінген министрлік хабарламасында.
Бұл құқықбұзушылыққа байланысты мемлекеттік инспектор Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабы 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды.
Іс материалдары мәні бойынша қарау және тиісті процестік шешім қабылдау үшін Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотына жолданды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі карантинге жатқызылған өнімдерді әкелу кезінде карантиндік фитосанитариялық заңнама талаптарын сақтау міндетті екенін еске салды. Бұл талаптар еліміздің орман қорына және қоршаған ортаға елеулі зиян келтіруі мүмкін қауіпті зиянкестердің ел аумағына енуі мен таралуына жол бермеуге бағытталған.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2409479-reseiden-semeige-akelingen-qaragaidan-asa-qauipti-ziiankes-tabyldy/
