"Екі баласы қалды": Семейде әйелін бейсбол битасымен аяусыз ұрып өлтірген ер адам сотталды
Жарияланған күні:

Семейде әйелін бейсбол битасымен аяусыз ұрып өлтірген ер адам 12 жылға сотталды. Сондай-ақ судья сотталушыны жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді. Ал марқұм Айжан Баяхметовның артында қалған қос баласы нағашыларының қамқорлығына берілуі мүмкін, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
"Балаларына келер болсақ, сот үкім шығарды, балалардың құжаттарын тез жинау үшін. Сот нақты үкім шыққанша көп күтпейтіндей, құжаттарын жинауға үкім шығарды. Енді біз қамқорлығымызға алу жұмысын істейміз", - дейді марқұмның туысы Жанна Нұрғазинова.
Сотталушының қылмысқа баруына мас кезіндегі қызғаныш себеп болыпты. Ол әйеліне тұтқиылдан шабуыл жасап, ағаш битамен аяусыз ұрып өлтірген.
Марқұмның туыстары, 52 жастағы келіншектің басы мен денесінің сау-тамтығы қалмағанын айтады. Тіпті мүрдеге жасалған сараптамада, шамамен, 27 мәрте соққы болғаны айтылған. Соның салдарынан Айжан Баяхметова оқиға орнында тілге келместен жан тапсырған.
Ал оны қатыгездікпен ажал құштырған күйеуі сотта өз кінәсін толық мойындады. Енді ол өмірінің 12 жылын абақтыда өткізеді.
"Сот үкімімен Б. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сондай-ақ Семей қаласының қорғаншы және қамқоршы органына сотталғанның кәмелетке толмаған екі баласына әрі қарай ресми қорғаныш және қамқор орнату мәселесін шешуді жүктеу туралы қаулы шығарылды", - дейді Абай облысы сотының баспасөз қызметі.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2409485-eki-balasy-qaldy-semeide-aielin-beisbol-bitasymen-aiausyz-uryp-oltirgen-er-adam-sottaldy/
