Қызылорда облысында алтынды заңсыз өндірді деген топ ұсталды: ҚМА мен ҰҚК 13 адамды қолға түсірді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп Шиелі ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысты деген күдікті топтың жолын кесті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚМА-ға сілтеме жасап.
Тергеу дерегінше, Жаманкөл шатқалында күрделі өндірістік өңдеуді қажет етпейтін табиғи алтын өндірілген.
Ведомство өкілдерінің сөзіне сүйенсек, топ мүшелерінің міндеттері өзара нақты бөлінген: біреулері алтын іздеушілерді тартып, өндіру жұмысын ұйымдастырса, екіншілері тасымалдау мен сатуға жауапты болған. Тағы біразы қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.
"Заңсыз әрекетті жасыру үшін аумақтың айналасына бақылаушылар қойылып, мотоцикл мінген адамдар маңайды торуылдаған. Олар бөгде адамдардың немесе мемлекеттік органдар қызметкерлерінің келгенін алдын ала ескертіп отырған", - дейді ҚМА ресми өкілі.
Тергеу амалдарына сай, өндірілген алтын сату үшін Алматы қаласына жеткізіліп, одан түскен ақша топ мүшелерінің арасында бөлінген.
Тінту барысында құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, 2 арнайы техника, 12 металл іздегіш және 6 автокөлік тәркіленді.
Сондай-ақ 2 пневматикалық тапанша мен тегіс ұңғылы мылтық табылды. Қазір 13 адам қамауға алынды.
Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-проецестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2409718-qyzylorda-oblysynda-altyndy-zangsyz-ondirdi-degen-top-ustaldy-qma-men-uqk-13-adamdy-qolga-tusirdi/
