Отадан кейін ішінде дәке қалып қойған: қызылордалық науқас өтемақы өндіріп алды
Жарияланған күні:

Қызылорда облысында тұрғынның денесінде ота кезінде дәке тампоны қалып қойған. Тұрғын медициналық мекемеден өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды Жоғарғы соттың Telegram-арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомство ұсынған ақпаратқа сай, Қызылорда облысының тұрғыны хирургиялық ота кезінде оның денесінде дәке тампоны (марлеома) қалдырылғаннан айтып, сотқа жүгінген.
Медициналық қателіктің салдарынан науқас ұзақ уақыт бойы қатты ауырып, дұрыс емдемеген жарадан зардап шеккен және өз есебінен қайта ота жасатуға мәжбүр болған.
Осыған байланысты ол медициналық мекемеден материалдық шығын мен моральдық зиянның орнын толтыруды талап еткен. Сот бастапқыда талап қоюшыға кистаны алып тастау отасы жасалғанын анықтады. Алайда екі айдан кейін оған басқа медициналық мекемеде қайта ота жасалып, оның барысында алдыңғы хирургия аймағынан бұрын қалған дәке тампоны алынған.
"Бөгде заттың болу фактісі ота жасау хаттамасымен, медициналық құжаттамамен, бейнежазбамен, сондай-ақ қайта емдеу жүргізілген медициналық мекеме өкілінің түсіндірмесімен расталды. Науқастың отадан кейінгі асқынуларының дәлелі ретінде (дұрыс емдемегеннен ұзақ уақыт бойы асқынған жара, қабыну процесі, күнделікті таңу қажеттілігі) сот емдеуші дәрігердің медициналық құжаттары мен түсіндірмелерін қабылдады. Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде медициналық қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі уәкілетті орган медициналық көмек көрсету кезінде көптеген бұзушылықтарды анықтады", - делінген хабарламада.
Сонымен бірге ота жасау кезінде міндетті стандарттар сақталмағаны, отадан кейінгі бақылау дұрыс жүргізілмегені, медициналық құжаттама бұзушылықтармен жүргізілгені анықталған. Тиісінше күнделікті жазбалар толық емес, зерттеу нәтижелерінің клиникалық түсіндірмесі, сондай-ақ ота жасау кезінде алынған материалдарды зерттеу туралы мәліметтер жоқ болып шықты.
Осылайша жауапкердің кінәсі дәлелденіп, медициналық мекемеден талап қоюшының пайдасына моральдық зиян мен материалдық залалдың орнын толтыру есебінен 1,5 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2412356-ota-keiin-ishinde-dake-qalyp-qoigan-qyzylordalyq-nauqas-otemaqy-ondirip-aldy/
