"Марганец кенін заңсыз өндіріп, басқа елдерге жөнелткен": ҚМА Ұлытауда 1 млрд теңгенің схемасын әшкереледі
Жарияланған күні:
Читать на русском
ҚМА-ның Ұлытау облысы бойынша департаменті марганец кенін заңсыз өндірді және өңдеумен айналысты деп күдікке ілінген топтың әрекетін тоқтатты. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
ҚМА-ның мәліметінше, күдіктілер пайдаланудан шыққан карьерді рекультивациялау жұмыстарын жүргізіп жатқандай кейіп танытқан.
"Оқиға орнында ауыр карьер техникасы мен ұсату-жуу жабдықтары қолданылған толыққанды тау-кен байыту кешені іске қосылған.
Өндірілген кен тауарлық концентратқа өңделіп, теміржол арқылы шекаралас мемлекеттерге экспортқа жөнелтіліп отырған. Шикізатты жүйелі түрде тиеп-жөнелту үшін күдіктілер теміржол тұйығын жалға алған", - делінген хабарламада.
Тергеу деректеріне сәйкес, өткізілген өнім көлемі 23 мың тоннадан, құны 1 млрд теңгеден асады.
Сонымен қатар заңсыз әрекет салдарынан қоршаған ортаға залал келтірілген. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру құны 150 млн теңгеден асады.
Агенттік тергеу жалғасып жатқанын, өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жарияланбайтынын мәлім етті.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
