МӘМС жүйесінен қаражат жымқыру: Қаржылық мониторинг агенттігі қазақстандықтарға үндеу жасады
Жарияланған күні:

Елімізде МӘМС саласында қаражат жымқыру деректерін тексеру барысында алаяқтық жиілеген. Өздерін ҚМА қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар медицина мекемелерінің басшыларын қорқытып, ақша талап еткен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдерінің айтуынша, қаскөйлер өздерін агенттік қызметкерлері ретінде таныстырып, "анықталған заңбұзушылықтарды" алға тартып, медицина мекемелерінің басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытады. Сонымен қатар сыйақы берсе, жауапкершілікке тартпауға уәде етіп, ақша талап етеді.
Аталған жағдай Түркістан облысында анықталды.
"Екі адам өздерін агенттік қызметкерлері ретінде таныстырып, алдау жолымен медициналық ұйымдардың бірінің басшысынан 15 млн теңге көлемінде ақша алуға тырысқан.
5 млн теңгені алғаннан кейін алаяқтар қалған 10 млн теңгені беруді талап еткен.
Осы жылғы 8 тамызда оларды Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері агенттіктің Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп, қылмыс үстінде ұстады", - делінген хабарламада.
Сот сыбайластарға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.
Тергеу жалғасып жатыр.
ҚМА "жауапкершілікке тартамыз" деп қорқытып немесе жазадан құтылуға көмектесеміз деп уәде беріп, ақша талап ету заңсыз әрекет екенін ескертті.
"Мұндай деректер туралы ҚМА Call-орталығына 1458 нөмірі арқылы дереу хабарлау қажет.
Азаматтарды қаржылық мониторинг органдарына шақыру тек өндірістегі сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде, заңда белгіленген тәртіппен ресімделіп, жолданған ресми шақыру қағаздары негізінде ғана жүзеге асырылатынын ескертеміз", - дейді ҚМА өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2413616-mams-zhuiesinen-qarazhat-zhymqyru-qarzhylyq-monitoring-agenttigi-qazaqstandyqtarga-undeu-zhasady/
