Ресейден Қазақстанға 20 тонна жұмыртқа әкеле жатқан жүк көлігі кері қайтарылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Ресейден Қазақстанға 20 тонна тауық жұмыртқасын алып келе жатқан жүк көлігі кері қайтарылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысындағы "Сырым" ветеринарлық бақылау бекетінде тауық жұмыртқасын заңсыз әкелу фактісінің жолы кесілді.
Самара (Ресей Федерациясы) – Астана бағыты бойынша келе жатқан жүк автокөлігін мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар Батыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстанның ҰҚК Шекара қызметі департаменті қызметкерлерімен бірлесіп тексеру барысында тауық жұмыртқаларының заңнамада көзделген ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз тасымалданғаны анықталды.
Жүк тиелген автокөлік кері қайтарылды. Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Айта кетейік, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, 2026 жылғы 21 сәуірден бастап алты ай мерзімге үшінші елдерден және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден Қазақстан аумағына көліктің барлық түрімен тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым салынған.
Аталған шаралар аталған өнім тасымалын реттеуге, сондай-ақ елдегі ветеринариялық-санитариялық және эпизоотиялық қолайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Жалпы, жыл басынан бері "Сырым" ветеринариялық бақылау бекетінде заңнама талаптарының 216 рет бұзылғаны анықталды. 216 жүк автокөлігі кері қайтарылды. 90 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринариялық заңнамасы талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Мемлекеттік шекара арқылы бақылауға жататын өнімдерді өткізу кезінде ветеринариялық ілеспе құжаттардың болуына және белгіленген шектеулердің сақталуына ерекше назар аудару қажет.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2417609-reseiden-qazaqstanga-20-tonna-zhumyrtqa-akele-zhatqan-zhuk-koligi-keri-qaitaryldy/
