ІІМ 7 ұйымдасқан қылмыстық топ пен олардың 9 жетекшісі ұсталғанын мәлімдеді (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русском
Ішкі істер министрлігі Қазақстандағы есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары туралы есеп берді. Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері жеті ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталған, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Медиапортал дерегінше, жыл басынан бері синтетикалық есірткі өндіретін 17 ошақ жойылды. Сондай-ақ жеті ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойылып, оларға қатысты 12 іс қозғалды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың 9 жетекшісі мен 41 мүшесі ұсталды.
"Тәркіленген "ұнтақтың" көлемі 865 келіні құрады. Бұл – заңсыз айналымға жіберілмеген миллиондаған доза синтетикалық есірткі. Біз ондаған мың тәуелділік жағдайының алдын алып, азаматтардың денсаулығы мен өмірін сақтап қалдық. Жасөспірімдерді есірткі ортасына тарту мәселесі ерекше алаңдаушылық тудырады", - деп атап өтті полиция өкілдері.
Қазіргі таңда 55 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Олардың 32-сі есірткі сатуға қатысы бар деген күдікке ілінген. Сондай-ақ есірткі бизнесінің қаржылық негізін әлсірету бойынша шаралар қабылданып жатыр.
ІІМ мәліметінше, 258 млн теңгесі бар 10 мың карта-шот бұғатталды. Есірткі саудасының көлеңкелі қаржылық схемаларына қатысы бар 215 мың шетелдік карта-шот бойынша транзакциялық операциялар шектелді. 8,5 мың есірткі сайты бұғатталды", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2418068-zheti-uiymdasqan-qylmystyq-top-okilderi-men-olardyng-zhetekshileri-ustaldy-video/
