Абай облысында аяусыз өлтірілген 20 жастағы бойжеткеннің ата-анасы жанайқайын айтты
Жарияланған күні:

Абай облысында 20 жастағы Ділназ Жұмағұлованы өлтірді деген күдікке бұрынғы жігіті ілінді. Марқұмының әкесі қызының денесі 12 жерден пышақталғанын айтып отыр. Ал сараптама барысында басынан да ауыр жарақат алғаны анықталған. Енді қара жамылған отбасы құзырлы органдардан қылмысты ауыр бап бойынша саралауды талап етіп, жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
20 жастағы Дильназ Жұмағұлова — әулеттің жалғыз перзенті. Марқұм Семей қаласындағы Шәкәрім университетінің II курсын бітірген. Ал оқиға 13 шілдеде болған. Бойжеткен құрдастарымен кешке жиналып, жастар ауыл ішінде серуен құруға келіскен. Алайда оның замандастары сол күні үйінен шықпай қалған. Ал таңертең марқұмның денесі көшеден табылды.
Марқұмының әкесі қызының денесіне 12 рет пышақ сұғылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мойын тұсын орып түскен сәтте қыз қарсылық көрсетуге тырысқан. Алайда күдікті оны көшенің қақ ортасында сүйреп, пышақ сұққылай берген көрінеді. Ақыры шаршаған сәтте оқиға орнынан қашып кеткен.
"Содан кейін тастаған. Үстіндегі курткасын шешіп алған. Соның бәрін алып, мына жақтағы орманға апарып, телефоны мен курткасын тығып тастаған", - дейді марқұмның әкесі Сабыржан Темірхан.
Қазір қаршадай қызды жер жастандырды деген күдікке бұрынғы жігіті ілініп отыр. 20 жастағы азамат Бородулиха ауылындағы мектептердің бірінде Ділназбен қатарлас сыныпта оқыған.
"Қызым ол жігітпен қарым-қатынасын тоқтатқанын айтқан еді. Алайда замандастары олар биыл жаздан бастап қайта сөйлесіп жүргенін жеткізді. Негізі екеуі жасты, бір мектепте, қатарлас сыныпта оқыды. Екеуінің арасында қандай жанжал шыққанын білмеймін", - дейді марқұмның анасы Динара Атаева.
Қара жамылған отбасының айтуынша, күдікті бірнеше жерден пышақ жарақатын салып, денесін жасырмақ ниетпен 32 метр жерге дейін сүйреп барған көрінеді. Сараптамада Ділназдың басынан ауыр жарақат алғаны анықталғанын айтуда.
Ал ата-анасы бұл қылмысты аса қатыгездікпен жасалды деп санайды. Сондықтан олар істі ауыр бап бойынша қайта саралауды және кінәлінің ең ауыр жаза алуын талап етіп отыр.
"Біз кінәлі адамның барынша ауыр жаза алғанын талап етеміз. Ол заң талабына сай, толық жазалану керек. Қазір іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл асқан қатыгездікпен жасалған қылмыс. Сондықтан 99-баптың 2-тармағы бойынша саралануға тиіс", - дейді марқұмның анасы Динара Атаева.
Сонымен қатар ата-анасы қолға түскен күдіктінің қылмыс жасаған пышағы мен киімі даладағы әжетханадан табылғанын айтты. Қазір отбасының заңгері 5-6 томнан тұратын қылмыстық істі бүге-шүгесіне дейін зерделеп жатыр. Ал полиция қызметкерлері адам өліміне қатысты тергеу аяқталғанын жеткізді.
"Күдікті ұсталып уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Процеске қатысушылар қылмыстық материалдармен танысуда. Танысу аяқталғанан кейін қылмыстық іс заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес сотқа жолданады", - дейді Абай облысы ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Ержан Телжанов.
Ділназ жоғарғы оқу орнында тарих, география мамандығы бойынша білім алған. Марқұм кәріс және ағылшын тілін жетік меңгерген. Енді қара жамылған отбасы қылмыскер ауыр жаза арқалауын талап етіп отыр.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2418369-abai-oblysynda-aiausyz-oltirilgen-20-zhastagy-boizhetkenning-ata-anasy-zhanaiqaiyn-aitty/
