800-ден астам көлікті заңсыз тіркеген: Алматы облысында ҰҚТ-ның 17 мүшесі сотталды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматы облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесі 800-ден астам көлікті тіркеу есебіне заңсыз қойғаны үшін сотталды, деп хабарлайды ҚМА-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ҚМА-ның Telegram-дағы ресми арнасында хабарланғандай, сот олардың әрқайсысына қылмыстағы рөлі мен қатысу деңгейіне қарай 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын кескен.
Мемлекетке төленбеген тіркеу және утиль алымдарының жалпы сомасы 6,6 млрд теңгеден асқан.
Тергеу барысында ҚМА-ның Алматы облысы бойынша департаменті қылмыстық топтың екі жыл бойы белгіленген талаптарды айналып өтіп, автокөліктерді заңсыз тіркеумен айналысқанын анықтаған.
Алғашқы кезеңде схемаға қатысушылар техникалық регламент талаптарын бұза отырып Қазақстанға әкелінген 642 жүк көлігін заңсыз тіркеген.
"Кейін қылмыстық әрекет жеңіл көліктерге қатысты "қосар көліктерді тірілту" деп аталатын схема бойынша жалғасқан. Заңсыз әкелінген көліктерге Қазақстанда бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған көліктердің VIN-кодтары берілген. Осы тәсілмен тағы 209 көлік тіркелген.
Заңсыз схемаға полиция қызметкерлері, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері және жеке нотариустар қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәлімет енгізуді және жалған тұлғаларға сенімхат рәсімдеуді қамтамасыз еткен", - деп мәлімдеді ведомство.
Төленбеген тіркеу алымының сомасы 5,4 млрд теңгеге, утиль алымы 1,2 млрд теңгеге жеткен.
Тергеу барысында көлік иелері алғашқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеп, нәтижесінде мемлекетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылған.
Сонымен қатар сот үкімімен сотталғандардың қылмыстық табысқа сатып алған бес автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленген.
Бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылған. Қатысы бар нотариустарға сот нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2418419-800-den-astam-kolikti-zangsyz-tirkegen-almaty-oblysynda-uqt-nyng-17-mushesi-sottaldy/
