jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    "Алтын белгімен бітірген": БАӘ-де қайтыс болған апалы-сіңліліге қатысты деректер айтылды

    Ақжан мен Жұлдыз
    Ақжан мен Жұлдыз. Фото: КТК телеарнасы

    Шарджа қаласында көз жұмған әпкелі-сіңлілінің отбасы қыздардың бірі мектепті алтын белгіге бітірсе, екіншісі домбыраның құлағында ойнағанын жеткізді. Олар шетелге жұмыс істеуге кеткен. Бұл туралы марқұмдардың отбасы КТК телеарнасына берген сұхбатында айтты.

    Әпкелі-сіңлілі Ақжан мен Жұлдыз 18 тамызда ата-анасына хабарлама жіберген. Содан кейін арадағы байланыс үзіліпті. Дубайдың дәл іргесіндегі Шарджа қаласына жұмыс істеуге кеткен бойжеткендердің жақындары араға екі күн салып дабыл қаға бастаған. Шарқ ұрып елшілікке хабарласады.

    "23 күні хабарласып, өкінішке қарай, екеуінің өлі денесі пәтерден табылды. Жаңа құжаттарымен солар екені расталды. Неден өлгенін, себебін білмейміз", - дейді марқұмдардың әпкесі Меңсұлу Боханова.

    Жалдамалы пәтерде марқұмдардың мәйіті табылған. Ақжан мен Жұлдыздың қандай жағдайда қайтыс болғаны туралы жақындарына ақпарат берілмеген.

    "Пәтерден екеуі табылды. Күдікті адам ұсталды деді. Ал ол не болды, қалай болды, айтылмады. Екеуі кішкентай қыздар, соншама не істеп қойды? Ұл бала болса, төбелесті дейді, ал енді екі қыз бала соншама не істеп қойды?! Мен соны білгім келеді. Неге ертерек хабарламады? Бір жұмадан кейін...", - дейді әкесі Мейрам Боханов.

    Айта кету керек, қыздардың бірі мектепті алтын белгіге бітірсе, екіншісі домбыраның құлағында шебер ойнаған. Олардың бұл өмірмен қош айтысқанына әпкесі сенбейді.

    Бұл қыздардың Шарджаға барып екінші мәрте жұмыс істеуі екен. Былтыр желтоқсанда Біріккен Араб Әмірліктеріне жол тартқан апалы-сіңлілердің кері қайтуына сол аймақтағы саяси аласапыран кедергі келтірген.

    "Өздері елге қайтқысы келді. Бәрі жақсы болды. Ешқандай қысым көрген жоқпын. Көңіл-күйінен де бірдеңе болғанын көрген жоқпын. Енді білмеймін, екеуіне бірдей қандай жағдай болуы мүмкін?!", - дейді марқұмдардың әпкесі Меңсұлу Боханова.

    Қара жамылған отбасының қазіргі жалғыз тілегі — қыздарының денесін елге аман жеткізіп, туған елінде арулап жерлеу.

    "Қазақстан Республикасының Дубай қаласындағы Бас консулдығы қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде, оның ішінде тиісті құжаттарды рәсімдеуге және Қазақстан азаматтарының қаза болу мән-жайына қатысты Әмірліктердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасауға жәрдемдесуде. ҚР СІМ қаза болғандардың отбасыларымен тұрақты байланыста және өз құзыреті шеңберінде оларға қажетті көмек көрсетуде", - дейді Сыртқы істер министрлігі өкілдері.

    Қазіргі күйіп тұрған мәселе — шамамен бір апта бұрын көз жұмған қыздар жайлы бір ақпар алу. Бүгін арнайы сараптама жасап, туыстық қатынасын дәлелдеу мақсатында марқұмдардың әкесі Шарджа қаласына аттанбақ. Содан кейін ғана Ақжан мен Жұлдыздың денесін елге тасымалдау мәселесі шешіледі.

    Дереккөз: КТК телеарнасы

    "Алтын белгімен бітірген": БАӘ-де қайтыс болған апалы-сіңліліге қатысты деректер айтылды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.