Қызылорда облысында үйлену тойынан соң 15 адам полициядан бір-ақ шықты (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қызылорда облысында жол ережесін өрескел бұзған той кортежінің қатысушылары анықталды. 15 адам жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әлеуметтік желіде той кортежіне қатысушылар қарсы бағытқа шығып, жол-көлік оқиғасын тудырған видеосы тарады. Сондай-ақ олар жолда пиротехникалық құралдарды қолданған.
Тәртіп бұзушы дерегі 23 тамызға қараған түні Жаңақорған ауданында болғаны анықталды. Көліктердің бірінде "Братва жениха" деген жазу болған. Аталған дерекке қатысты полиция департаменті пікір білдірді.
"Барлық қатысушы анықталып, полицияға жеткізілді. Олар - 21 мен 35 жас аралығындағы 15 адам. Олар Жаңақорған ауданының, Алматы және Жамбыл облыстарының, сондай-ақ Шымкент қаласының тұрғындары. Жауапкершілікке тартылғандардың арасында 13 жүргізуші мен екі жолаушы бар", - деп хабарлады ведомство.
Құқық бұзушыларға қатысты 56 әкімшілік іс қозғалған. Олар қарсы бағытқа шығу, авариялық жағдай туғызу, қауіпті маневр жасау, көлікті жүргізу құқығынсыз және техникалық ақауы бар автокөлікті басқару, ұсақ бұзақылық жасау, сондай-ақ елдімекен аумағында пиротехникалық құралдарды заңсыз пайдалану деректері бойынша жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен үш жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды. Қатысушылардың біріне бес тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Қалғандарына әкімшілік айыппұлдар салынды. Бес автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Барлық қатысушыға мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы ресми ескерту берілді.
"Мерекелік іс-шара өткізу ешкімге жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіруге құқық бермейді. Той кортеждерінің жолда ешқандай артықшылығы жоқ. Заң талаптарын өрескел әрі қасақана түрде бұзған әрбір адам заңда көзделген жауапкершілікке тартылады.
Полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Мұндай фактілердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды және әрбір құқық бұзушылыққа заң аясында тиісті құқықтық баға беріледі", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2420882-qyzylorda-oblysynda-uilenu-toiynan-song-15-adam-politsiiadan-bir-aq-shyqty-video/
