Талғарда 7 жасар қызды зорламақ болған 48 жастағы ер адам үсталды
Жарияланған күні:

Алматы облысында жеті жасар қызды тапа-тал түсте белгісіз ер адам зорламақ болған. Осы оқиғадан соң тұрғындар маңайына үрке қарап, балаларын сыртқа шығаруға қорқып қалған. Күдікті бұған дейін адам өлтіргені үшін сотталған болуы мүмкін. Бүлдіршіннің ата-анасы қаскөй тиісті жазасын алсын деп отыр, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Оқиға осыдан төрт күн бұрын Талғар ауданында болған. 7 жасар қыз құрбыларының үйінен алаңсыз қайтып келе жатқан екен. Күдікті қитұрқы әрекетін тапа-тал түсте іске асырмақ болыпты.
Жеті жасар бүлдіршін болған жайтты үйге келген соң анасына айтып берген. Анасының айтуынша, оқиға көшеде болған. Қыз түскі сағат үш шамасында велосипедпен келе жатыпты. Сол кезде оны ер адам тоқтатып, дөңгелегінің желі шығып кеткенін айтқан. Мектеп оқушысы велосипедінен түскен сәтте, күдікті арам ниетін іске асырмақ болған.
Қыз жанына жақындағанда, ер адам алдымен велосипедтің дөңгелегін ұстап, кейін бүлдіршіннің аяғын сипалауға көшкен. Артынша қызды сол маңда тұрған автобустың тасасына алып кетпек болған. Күдікті баланың киімін шешуге мәжбүрлеп, ойына келгенін істемекке оқталған. Абырой болғанда қыз сәтін тауып қашып үлгеріпті.
Қыз баланың айтуынша, ер адам мас күйде болған. Аяғында әрең тұрып, аузынан ішімдіктің иісі шығып тұрған көрінеді. Әбден шошып қалған қыз болған жағдайды бірден айта алмаған. Кейін бүге-шүгесіне дейін ойыншығы арқылы көрсетіп беріпті. Осы оқиғадан соң тұрғындар балаларын далаға жалғыз жіберуге қорқып қалдық дейді.
"11 жастағы ұлым ойнап жүреді. Мына асфальт бар көшеде великпен көп бала ойнайды. Сол кезде алыстан көрген екен. "Мас кісі" дейді, балаларға тиісіп жүргенін көріпті. Құмда ойнап отырған балалар, өтіп бара жатып, шашырады ма екен, сонда көтенінен бір тепті дейді, кішкентай балаларды. Ал енді қалай жібереміз бала-шағамызды? Күндіз тапа-тал түсте болған жағдай", - дейді тұрғындардың бірі Бағила Суанбаева.
Өкінішке қарай, болған жайт бақылау камераларына түспеген. Дегенмен қыздың берген сипаттамасы арқылы күдікті анықталыпты. Сорақысы сол, 48 жастағы ер адам бұған дейін адам өлтіргені үшін сотталған болуы мүмкін. Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
"Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 124-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдіктінің жеке басы анықталып, полицияға жеткізілді. Қылмыстық іс бойынша оқиғаның мән-жайын объективті, толық және жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу жүргізілуде. Тергеу полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Қазір жеті жастағы бүлдіршін психологтардың бақылауында", - дейді Алматы облысы полиция департаменті өкілдері.
Ал шыр-пыр болған ата-анасы күдіктінің тиісті жазасын алып, бұл жолы да сот алдында жауап беруін талап етіп отыр.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2421081-talgarda-7-zhasar-qyzdy-zorlamaq-bolgan-48-zhastagy-er-adam-ustaldy/
