Павлодарда ер адам 20 жылға сотталды: 14 жыл бұрын жасалған қылмысқа қатысты деректер айтылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Павлодарда 62 жастағы ер адам 14 жыл бұрын жасаған қылмысы үшін сотталды. Қылмысты ДНҚ сараптамасының көмегімен ашу мүмкін болды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна хабарлауынша, сот отырысы жабық режимде өтті. Павлодар шетіндегі саяжай аумағында қарт әйелдің қатыгездікпен өлтірілуіне қатысты егжей-тегжейлі мәліметтер жарияланбады.
Сотталушы жәбірленушіні өлтірмес бұрын зорлағаны белгілі болды. Кейін ол қылмысын жасыру үшін әйелді өлтірген. Ер адам 14 жыл бойы жазадан жалтарып келген.
Оны қылмыс орнында қалған ескі із арқылы тапқан. Күдіктінің аты-жөні ДНҚ базасы арқылы анықталды. 62 жастағы ер адам кінәсін бірден мойындады.
Саяжайдағы қанды оқиғадан кейін ол уақытының көп бөлігін түрмеде өткізген. 14 жыл ішінде ол ауыр қылмыстары үшін үш рет сотталған. Үш жыл бұрын ол кісі өлтіру және ұрлық жасағаны үшін тағы да колонияға түскен.
Сот сотталушының егде жасын жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ал мас күйінде қылмыс жасағаны жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қабылданды.
"Сотталушының кінәсі осы қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен және сараптама қорытындыларымен дәлелденді. Тағайындалған жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деді судья Жанна Нығыбаева.
Дереккөз: КТК
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2422118-pavlodarda-er-adam-20-zhylga-sottaldy-14-zhyl-buryn-zhasalgan-qylmysqa-qatysty-derekter-aityldy/
