Ақтөбеде анасын пышақтап өлтірген 16 жастағы жасөспірімге қатысты сот үкім шығарды
Жарияланған күні:

Ақтөбеде анасын пышақтап өлтірген жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты. Ол енді түрмеге емес, мәжбүрлі емделуге жіберіледі. Күні кеше сотта он ай бойы сараптама жүргізген мамандар жасөспірімнің психикалық дерті бар екенін айтқан. Оған "шизофрения" диагнозы қойылған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қазір 16 жастағы бала Талғардағы психиатриялық ауруханада ем алып жатыр. Сондықтан үкімді өзі естіген жоқ. Ал қанды қылмыс былтыр жаңа жыл қарсаңында болған-ды. 16 жастағы жасөспірім үйде 41 жастағы анасымен сөйлеспек болады.
Әңгіме барысында жанжал шығып, ашуға булыққан бала қолына пышақ алған. Анасына бірнеше рет соққы жасап, әйелдің өмірін қиған. Баланың қолынан әжесі де жараланған. Немересінің шешесіне шабуыл жасағанын көрген 73 жастағы кейуана араша түсуге ұмтылады. Алайда жасөспірім оған да пышақ салып, бірнеше жерінен жаралаған. Кейін ауруханаға жеткізілген әжей аман қалды.
Сабақты жақсы оқып, олимпиадалардан жүлде алып жүрген жасөспірімнің мұндай қылмысқа баратынын ешкім күтпеген. Тіпті бұған дейінгі ашушаңдығы мен мінез-құлқындағы өзгерісін жақындары еркелікке, өтпелі кезеңге балаған. Сот барысында балаға бірнеше медициналық сараптама жүргізілгені айтылды.
Мамандар оның созылмалы психикалық ауруы бар деген қорытындыға келген. Дерті қоғамға қауіпті болғандықтан, судья оны оқшаулауды жөн деп шешкен.
"Интенсивті бақылайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық ауруханада мәжбүрлеу емі тағайындалсын. Зейнелғабидинге қолданылған психикалық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға орналастыру түріндегі қауіпсіздік шарасы өзгеріссіз қалдырылсын.
Сот сараптамаларына жұмсалған 1 147 523 теңге процестік шығындар мемлекет есебінен қалдырылсын", - деді Ақтөбе облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Алтынбек Сабыров.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2423361-aqtobede-anasyn-pyshaqtap-oltirgen-16-zhastagy-zhasospirimge-qatysty-sot-ukim-shygardy/
