"Травматолог полиция шақырды": Ақтөбедегі әскери бөлімде сарбазды ұрып-соғу дерегі бойынша тергеу басталды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Ақтөбедегі әскери бөлімдердің бірінде қызмет ететін сарбаз сержанттар оны ұрып-соққанын мәлімдеді. Ұлттық ұлан бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Lada.kz басылымының мәліметінше, ақтаулық Гүлдана Кетібаева 18 жастағы ұлының биыл 3 шілдеде әскерге шақырылғанын айтты. Қазір ол Ақтөбедегі Ұлттық ұланның № 6655 әскери бөлімінде қызмет етіп жатыр.
Анасының айтуынша, 4 қыркүйекте оған Ақтөбедегі ауруханадан хабарласқан. Олар ұлының үш күннен бері ауруханада жатқанын жеткізген.
"Алдымен уролог тексерді, бірақ талдау нәтижелері бойынша инфекция анықталған жоқ. Содан кейін травматолог шақырылды. Гүлдана Кетібаеваның айтуынша, дәрігер сарбаздың қуығындағы мәселені алған жарақатымен байланыстырған.
Дәрігермен сөйлескеннен кейін жас жігіт анасына бөлімде үнемі соққыға жығылып жүргенін айтқан. Травматолог әскери қызметшімен сөйлескен соң полиция шақырды. Сарбаз арыз жазды. Кейін полиция бөлімшесінде анасымен видеобайланысқа шыққан сарбаз өзін аға сержант пен тағы екі сержант ұрғанын мәлімдеді", - делінген жазбада.
NUR.KZ тілшісі Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сауал жолдады. Ондағылар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының "Батыс" өңірлік қолбасшылығының жауабын ұсынды.
"№ 6655 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметкеріне қатысты болған осы оқиға бойынша Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайы анықталуда. Жан-жақты және объективті тексеру нәтижелері бойынша тиісті құқықтық баға беріледі", - делінген жауапта.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2423429-travmatolog-politsiia-shaqyrdy-aqtobedegi-askeri-bolimde-sarbazdy-uryp-sogu-deregi-boiynsha-tergeu-bastaldy/
