"Үйге барғанда шошып қалмаңыз": Астанада балабақша тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жарияланған күні:

Астанадағы балабақшалардың бірінде болған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тәрбиеші кішкентай қызға күш қолданды деген күдік бар. Бала үйге келген соң болған жағдайды ата-анасына айтып, тіпті видеоға түсірген. Қазір істің мән-жайын полиция анықтап жатыр, деп хабарлайды "Жетінші" арна.
Бұл – төрт жасар Раяның жұмыста жүрген әкесіне жіберген видеосы. Бүлдіршін 2 қыркүйекте балабақшаға барған. Анасының айтуынша, қыз сол күні үйге жарақатпен келген.
"Сағат онның шамасында тәрбиеші маған хабарлама жазды. "Қызыңыздың мінезі боран екен. Мені тыңдамады. Мен ұрыстым, .:", - деді. Мен: "Жарайды, рақмет", - деп жұмысымды әрі қарай жасап жаттым. Содан кейін кешкі сағат алтылар шамасында үйге развозкамен келді, күтіп алдық. Бетін қарасам, көгерген іздер бар. Қызымнан не болғанын сұрасам: "Апай мені жағымнан соқты", — дейді. Оны үлкен қызым растады", - дейді қыздың анасы Еркеназ Көшкінбай.
Анасы баланы бірден №2 қалалық балалар ауруханасына апарған. Дәрігерлер қарап, бүлдіршіннің беті мен маңдайы соғылған деген қорытынды жазып берген. "Бұл оқиғадан бала қатты қорқып қалған", дейді анасы. Қазір бақшаға бармай жүр.
"Психологқа көрсетем бе деп отырмын. Себебі түнде шошынады. Дәретін жіберіп қояды, мұндай нәрсе ешқашан болмаған. Сарайшық ауданындағы полицейлер де жылы жауып қойғысы келді. Бейнежазбаны көрсетуін талап етемін. Бұл іс жылы жабылып қалмаса екен деймін. Балабақшадағы басқа балалар зардап шекпесе деймін", - дейді ана.
Телеарна дерегінше, қазіргі таңда балабақша тәрбиешісі әлі жұмыс істейді.
Жанжалдың жай-жапсарын білейік деп балабақшаға бардық. Тәрбиеші әлі жұмыс істейді екен. "Бірақ болған жайды тергеушіге айттым", деп телеарнаға түсініктеме беруден үзілді-кесілді бас тартқан.
Тәрбиеші бұл мекемеге бір ай бұрын ғана ауысып келген. Көп жылдық тәжірибесі бар маман баланы ұрды ма, жоқ па – полиция анықтайды. Кәмелетке толмаған балаға қатыгездік көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Аталған факті бойынша "Сарыарқа" ауданының полиция басқармасы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау, оның ішінде оған қатыгездікпен қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қылмыстық істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", - деп пікір білдірді Астана ПД баспасөз қызметінің аға инспекторы Арудан Бектасова.
Тергеу бітіп, сараптама нәтижесі шыққан соң, баланың ата-анасы істі сотқа дейін жеткізуге бекініп отыр. Сондай-ақ кішкентай Раяға басқа балабақша іздеуге мәжбүр.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2424282-uige-barganda-shoshyp-qalmangyz-astanada-balabaqsha-tarbieshisine-qatysty-qylmystyq-is-qozgaldy/
