ҰҚК жоғары лауазымды шенеунікке қатысты істі тергеп жатыр
Жарияланған күні:
Читать на русском
Шымкентте Тұран ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жағдайға қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Шымкенттен 1 қыркүйекте жергілікті ҰҚК департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызметкерлері пара алып жатқан жерінен Тұран ауданы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бастығы Мұрат Бейсенбаевты әшкерелегені туралы ақпарат түсті.
Тергеу мәліметінше, ол қол астындағы қызметкерлер арқылы кәсіпкерлерден өз мекемесінің оң қорытындысын беру үшін жүйелі түрде ақша алып отырған", - делінген Telegram-дағы Kozachkov offside арнасындағы жазбада.
Журналистің ақпаратына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен пара алу" бойынша жүргізілуде.
NUR.KZ тілшісінің ресми сауалына жауап берген ҰҚК өкілдері сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын растады.
"Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - деп түсінік берді ведомстводағылар.
Шымкент қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, Мұрат Бейсенбаев Тұран аудандық басқармасын 2023 жылдың 24 мамырынан бері басқарып келеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2425071-uqk-zhogary-lauazymdy-sheneunikke-qatysty-isti-tergep-zhatyr/
