Тегін дәрілік препараттардың 26 мың қаптамасы дәріхана желісі арқылы сатылған
Жарияланған күні:

Дәріханаларда қазақстандықтарға тегін дәрілік препараттардың 26 мың қаптамасы сатылғаны анықталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанда дәрілік заттарды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесі жұмыс істейді. Ол әрбір дәрі-дәрмек қаптамасының өндірушіден бастап пациентке дейінгі қозғалысын бақылауға, сондай-ақ ел бойынша дәрілік заттардың қорын қадағалауға мүмкіндік береді.
"Цифрлық бақылаудың нәтижесінде дәріхана желісі арқылы 26 мыңнан астам қаптама тегін дәрілік препараттың сатылғаны анықталды. Анықталған фактілер бойынша 106 медициналық ұйым мен дәріханаға қатысты тексеру жүргізілді. 60-тан астам ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 20 млн теңгеден асты. Алдын ала есептеулер бойынша келтірілген залал 36 млн теңгеден асады. Материалдар құқық қорғау органдарына жолданды", - деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.
Осы жылдың қыркүйегінен бастап цифрлық таңбалау тағамға биологиялық белсенді қоспаларға (ББҚ) да енгізілді, ал 2027 жылдан бастап бұл жүйе медициналық мақсаттағы бұйымдарға да қолданылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2425770-tegin-darilik-preparattardyng-26-myng-qaptamasy-darihana-zhelisi-arqyly-satylgan/
