Алматы-Қорғас тасжолындағы жол апаты: Haval жүргізушісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматы облысында мас күйде рульге отырып, үш адамның өмірін қиған жүргізуші 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Алматы облыстық соттарының Telegram-дағы арнасының мәліметінше, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігімен (алкогольге мас күйде автомобиль басқарып, жол жүрісі қағидаларын бұзу арқылы абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу) айыпталған Ж.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта 2026 жылғы 23 маусымда сотталушы Ж. алкогольге мас күйде рульге отырып, өзіне тиесілі HAVAL M6 маркалы автокөлігімен Енбекшіқазақ ауданы аумағындағы "Алматы-Шелек-Қорғас" тасжолының 132-шақырымында қарама-қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Салдарынан қарсы бағытта келе жатқан AUDI автокөлігімен соқтығысып, жол-көлік оқиғасынан үш адам қаза тауып, тағы үш адам түрлі дене жарақаттарын алған.
Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескеріп, Ж.-ға аталған баптың санкциясы бойынша ең жоғарғы жаза – көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.
Азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды. Сотталушыдан 29 000 000 теңге көлемінде моральдық зиян және 1 799 089 теңге мүліктік шығын өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2426179-almaty-qorgas-taszholyndagy-zhol-apaty-haval-zhurgizushisi-10-zhylga-bas-bostandygynan-aiyryldy/
