jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    "Тоқ па, инсульт па?": Атырауда медпункт күзетшісі жұмбақ жағдайда көз жұмды

    Тоқ генераторы
    Тоқ генераторы. Кадр видеодан: КТК телеарнасы

    Атырау облысы, Афанасьев ауылындағы медициналық пунктің күзетшісі мерт болды. 59 жастағы марқұмның денесін балалары электр генераторының маңынан тапқан. Клара Кенжеғалиеваның туыстары оны басшылық сол күні мекеме ауласын шөптен тазалауға міндеттеген деп мәлімдеді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

    Ауыл тұрғындары Клара Кенжеғалиеваны жоқтап жатқанына жетінші күн. 59 жастағы әйел медпункт күзетшісі болған. Мекеме ауласындағы арам шөпті шауып жүріп ажал құшқан.

    Балалары оның денесін электр генераторының жанынан тауып алыпты. Олар анасын тоқ соққанына сенімді. Ал сараптамада "миына қан құйылған" деп анықтама беріпті.

    "Осы тордың ішінде құлап жатқан, мына бала өзі келіп шығарған. Есігі кілттеулі, айналып келіп артынан кіріп, "мынаның шөбін шауып тазала" деген соң, өзіне сөз келмесін деп, барынша істей берейінші деген. Осындай жағдаймен апамыздан айырылдық. Осыдан кейін сараптамаға жібергенде, "миына қан құйылған" дейді. Мен бұл диогназбен келіспеймін. Арқасы неге күйіп кеткен?", - дейді марқұмның інісі Сәрсенбай Кенжеғалиев.

    Туыстарының айтуынша, марқұм күзетші болғанымен, бұл ғимараттың сыртқы тазалығына да жауапты болыпты. Қаза болардан бірер күн бұрын басшылық комиссия келетінін айтып, ауланы тазартуды тапсырған. Мәйітті тауып алған ұлы "анам қолындағы күрегімен бірге жатты" деп отыр. Айтуынша, жедел жәрдемдегілер әйелдің денесінен күйік ізін көрген.

    "Жедел жәрдемдегілер фотоға түсіріп алды, "керек болады, тіркейміз" деп. Мына жерлерін көтеріп, білектерін, арқасын аударып қарады, фотоға түсірді", - дейді марқұмның ұлы Әділбек Ғалымов.

    Оның айтуынша, денеде күйік ізі болған.

    "Болды. Терісі сылынып кеткен, содан жарып шыққан гой, сол жерден қан тоқтамаған", - дейді Әділбек Ғалымов.

    Марқұмның шауып жүргені жай ғана арам шөп те емес — адам бойынан асатын ағаш. Генератор тұрған ауланы да, ішінде де тазалап, шарбағынан лақтырғанын мына ілініп тұрған бұталардан көруге болады. Туыстарының айтуынша, дәл сол күні таңертең ауылда жарық өшіп, кері жанған. Денесінің оқиға орында қанша уақыт жатып қалғаны да белгісіз.

    Медпункттің бейнекамералары да істен шыққан. Мекемеге жауапты бас мейірбике ол маңды тазалауға «тапсырма берілген жоқ» десе, аудандық аурухана басшысы күзетші электр генеторының ауласына өзі кірген деп отыр.

    "Кеше де естідім, сіздер сондай бұйрық берген екенсіздер деген. Бізден ондай бұйрық шыққан жоқ. Алайда айналаны таза ұстаңыздар, шөптен тазалаңыздар деген аудионы естідім. Сол жақтағы мейірбикенің айтуы бойынша, қандай тапсырма бердіңіздер, неге ол кісі арттағы шөпті шауып жатыр, неге генератор ішіне кіріп отыр, неге трансформатордың ішіне кірді дегенде, "ондай айтылған жоқ" дейді", - дейді Құрманғазы ауданы ауруханасының директоры Саида Зұлқашова.

    Күзетшінің жұмыс уақыты тек кешкі алтыдан таңертеңге дейін екен. Ал марқұмның телефонында басшылық тараптан ауланы тазалауға тапсырма берілген аудиожазбалар бар. Қаралы отбасы мәйітхана қорытындысын көріп, бұл оқиға бұрмаланып кете ме деп күдіктенеді. Сондықтан Құрманғазы ауданының прокуратурасына барып, істің жан-жақты, әділ тексерілуін талап етіп қосымша арыз берді.

    Құзырлы органдар қылмыстық іс қозғалғанын, өлімнің себебін анықтайтын сот медициналық сараптама нәтижесінің дайын болуына бір айға жуық уақыт кететінін айтты.

    Дереккөз: КТК телеарнасы

    "Тоқ па, инсульт па?": Атырауда медпункт күзетшісі жұмбақ жағдайда көз жұмды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram