"10-15 жерден": Семейде 9-сынып оқушысы пышақ жарақатын алды
Жарияланған күні:

Семейде 9-сынып оқушысы бала жарақат алып, аурухана түсті. Almaty.tv дерегінше, балаға 10-15 жерден пышақ салынған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Семейдегі 9-сынып оқитын жасөспірімнің арқасына бірнеше рет пышақ сұғылған. Қансырап қашқан бала нағашы әпкесінің көршісінен көмек сұраған.
"Операциядан шыққанда хирургтың айтуынша, 10-15 жерден пышақ салған. Тек арқасында деп ойладық, жанбас тұсы да, бүйрегі мен өкпе жағы да жарақат алаған. Әділдікті талап етеміз. Бұл кешірілетін жағдай емес", - деді жәбірленушінің нағашы әпкесі Ләззат Қамзаева.
Туыстарының айтуынша, оған бірге ойнап жүрген сыныптасы пышақ жарақатын салған. Сондай-ақ олар көп қан жоғалтқан жасөспірім оқиғадан кейін күйзеліске түскен және оған психолог көмегі қажет екенін айтып отыр. Ал бір сыныпта оқып, бірге ойнап, тіпті күреске де бірге қатысып жүрген екі баланың аяқ астынан неге пышақтасқаны әзірге белгісіз. Мектеп өкілдері оқушылардың тәртібі түзу болғанын айтады.
"Екеуі де тіркеуде тұрмаған, екеуі де құқық бұзушылық жасап, тіркелмеген. Екеуі де сабырлы, салмақты. Күнделікті бірге ойнап, бірге жүрген достар", - деді мектеп директоры орынбасарының міндетін атқарушы Гүлжан Сағымғали.
Ауыр жарақат алған оқушы жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған. Дәрігерлер оның іш қуысына пышақ кіріп, оң жақ бүйрегі мен іш майы зақымданғанын айтады. Жарақат салдарынан ішіне көп қан кеткен. Бұған қоса, денесі мен аяқ-қолдарында да пышақ жарақаты бар.
"Іш қуысы пышақ жарақаты, оң жақ бүйрек паренхимасы мен үлкен шарбының зақымдануы, іш қуысына қан кетіп, асқынған. Дене мен аяқ-қолында көптеген пышақ жарақаты бар. І дережелі геморрагиялык шок. Қарқынды терапия бөлімшесінде шұғыл диагностикалық және емдік шаралар жүргізілді. 4 сағат бойы ота жасалды", - деді Емдеу мекемесі директорының педиатрия жөніндегі орынбасары Дулат Кәрімов.
Екінші жасөспірім де сол күні ауруханаға жеткізілген. Бірақ оның жарақаты жеңіл. Екі бала арасындағы жанжалдың неден басталғанын және оқиғаның барлық мән-жайын полиция анықтап жатыр. Оның нақты себебі тергеу нәтижесінде белгілі болады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2427474-10-15-zherden-semeide-9-synyp-oqushysy-pyshaq-zharaqatyn-aldy/
