Жамбыл облысында әйел әуежайға оқ алып кірмек болған: сот әйелге үкім кесті
Жарияланған күні:

Жамбыл облысының тұрғыны Шымкент әуежайында тексеруден өту кезінде сөмкесінен патрон табылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына сілтеме жасап KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Сот дерегінше, оқиға 2026 жылдың тамыз айында болған. Әйел "Шымкент-Жезқазған" бағыты бойынша ұшуды жоспарлап, әуежайдың тексеру аймағынан өтіп жатқан. Осы сәтте қауіпсіздік қызметкерлері оның қол жүгінен тегіс ұңғылы аңшылық қаруға арналған 12 калибрлі патрон тауып алды.
Криминалистикалық сараптама оқтың зауыттық әдіспен жасалғанын және атуға толық жарамды екенін растады.
Сот отырысында әйел өз кінәсін толық мойындады. Ол патронның сөмкеде қайдан пайда болғанын білмейтінін, оны байқамай салып алғанын айтып, өкініш білдірді.
"Сот қаулысымен әйел ӘҚБтК-нің 482-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 60 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Тәркіленген патрон жойылады", - деп хабарлады Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта сот қаулысы заңды күшіне енді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2427489-zhambyl-oblysynda-aiel-auezhaiga-oq-alyp-kirmek-bolgan-sot-aielge-ukim-kesti/