ІІМ 22 қылмыстық топтың жолын кесті: 64 адам ұсталды
Жарияланған күні:

Жыл басынан бері ішкі істер органдары діни-экстремистік идеяларды жамылған 22 қылмыстық топтың қызметін тоқтатқан. Олардың құрамында болған 64 адам ұсталған, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ІІМ ақпараттық медиапорталының мәліметінше, қылмыстық топтар бопсалаумен, алаяқтықпен, тонаумен айналысқан, браконьерлікпен және есірткі өткізумен шұғылданған. Қылмыстық әрекеттер жасау үшін атыс қаруын сақтаған.
"Мұндай топтар елдің әртүрлі өңірлерінде, соның ішінде Алматы қаласында, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында әрекет еткен", - деп мәлім етті ІІМ.
Мәселен, Алматыда радикалды діни идеяларды ұстанған төрт адам қала тұрғынынан 7,5 млн теңгені ұрлап кеткен. Кінәлілер сот үкімімен 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Петропавлда радикалды діни идеологияны ұстанушы әйел жасаған алаяқтықтың төрт эпизоды ашылған. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 2 млн теңгеден асқан. Ол 3 жылға бас бостандығынан айырылған.
Павлодарда радикалды діни көзқарастарды ұстанатын жергілікті тұрғын алаяқтықтың 17 эпизодын жасаған. Келтірілген залал 8 млн теңгеден асқан. Сот оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен.
Жалпы, ішкі істер органдары діни экстремизм идеяларын ұстанушылар жасаған пайдакүнемдік-зорлық сипатындағы 155 қылмыстың бетін ашқан. Заңсыз айналымнан 114 атыс қаруы, 3 суық қару, 7 граната, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі тәркіленген.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері экстремистік және террористік қылмыстарды, оның ішінде интернетте радикалды идеологияны таратуды анықтап, жолын кесуде.
Мәселен, Ақтөбеде қала тұрғыны әлеуметтік желілерде өзге дін өкілдерін қорлау арқылы діни араздықты жария түрде қоздырған. Сот үкімімен ол 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.
Ақтөбедегі тағы бір жағдайда зорлық-зомбылық акцияларын жоспарлаған радикалды көзқарастағы жас жігіт ұсталған. Терроризмді насихаттағаны үшін сот оны 6 жылға бас бостандығынан айырған.
Түркістан облысында радикалды діни идеологияны ұстанушы ұсталған. Ол интернетте халықаралық террористік ұйым – "Өзбекстан ислам қозғалысының" идеяларын белсенді түрде таратқан. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
"Діни сенімдер қылмысты, зорлық-зомбылықты және араздықты қоздыруды ақтау үшін негіз бола алмайды. ІІМ азаматтарды қорғау, қылмыстық әрекеттердің жолын кесу және зорлық-зомбылық пен діни үстемдік идеологиясының таралуына жол бермеу бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр. Бұл жұмыс қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тәртіпті сақтауға бағытталған", - деп мәлімдеді ведомство.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2427708-iim-22-qylmystyq-toptyng-zholyn-kesti-64-adam-ustaldy/
