Көршісінің көлігін ұрлап әкеткен: ер адамның әрекеті салдарынан бес бірдей көлік жаппай жол апатына түсті (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматыда жаппай жол апаты болды. Оған ұрланған көлікті тізгіндеген жүргізуші кінәлі деп күдіктеліп отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, бес бірдей көлік жол апатына бүгін, 15 қыркүйекте, сағат 12:00 шамасында Үлкен Алматы каналының бойында түскен.
"Алдын ала мәліметтер бойынша, Nissan көлігінің жүргізушісі Үлкен Алматы каналының бойымен шығыс бағытта келе жатып, Сарбастау көшесінен батысқа қарай рөлге ие бола алмай, алдында келе жатқан Mitsubishi көлігіне соқтығысқан. Соқтығысу салдарынан инерция бойынша тағы бірнеше көлік соқтығысты", - деп хабарлады полиция.
Nissan және Mitsubishi көліктерінің жүргізушілері қажетті медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілгені белгілі болды.
"Тексеру барысында Nissan көлігін тізгіндеген ер адам көлікті көршісінен заңсыз алып кеткені анықталды. Көлікті ұрлап айдап әкету дерегі бойынша Алатау аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - деп толықтырды Алматы қалалық ПД өкілдері.
Бұл ретте желіде оқиға орнынан куәгерлер түсірген кадрлар жарияланып жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
