Блогер Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматы облысында актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты сот үкімі шықты. Іс оның бұрынғы азаматтық жұбайымен арадағы жанжалға байланысты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Алматы облысы соттарының Telegram-дағы ресми арнасында хабарланғандай, Қарасай аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы бойынша (масс-медианы, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат тарату) қылмыстық іс қаралған.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, сотталушы мен жәбірленуші азаматтық некеде тұрған, олардың кәмелетке толмаған екі ортақ баласы бар. 2024 жылғы 14 сәуірде олар бірге тұруды тоқтатқан.
Қылмыстық қудалау органы ер адамды әлеуметтік желілерде жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, оның беделін түсіретін көрінеу жалған мәліметтер таратты деп айыптаған.
Сот сотталушының жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген көрінеу жалған ақпарат тарату фактісін дәлелденген деп тапты.
Сот блогерді кінәлі деп танып, оған 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейді.
Сонымен қатар ол Қылмыстық кодекстің 50-бабы 3-бөлігіне сәйкес, 5 жылға бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда, әлеуметтік және өзге де телекоммуникация желілерінде көпшілікке арналған ақпарат дайындауға, орналастыруға әрі таратуға байланысты журналистік, блогерлік және өзге де жария ақпараттық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Сот сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 5 миллион теңге өндірді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты сот үкімі шыққаны туралы жәбірленуші тараптың адвокаты да хабарлады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2428478-bloger-nursultan-zhaqsygen-2-zhyl-3-aiga-bas-bostandygynan-aiyryldy/
