Түркістан облысындағы жасөспірімнің өлімі: күдіктілерге үкім шықты
Жарияланған күні:

Түркістан облысында 17 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты атышулы іске нүкте қойылды. Сот 6 күдіктіге үкім кесті, деп хабарлайды "Жетінші арна".
Қайғылы оқиға өткен жылдың қараша айында Түлкібас ауданында болған еді. Түн ішінде бетперде киген адамдар көлікпен келіп, көшеде тұрған төрт жас жігітке оқ жаудырған.
Салдарынан 17 жастағы Төрехан Төреәлі оқиға орнында қаза тауып, үшеуі түрлі жарақат алған. Сот басты айыпталушыны 20 жылға бас бостандығынан айырды. Жазаны қатаңдатуға оның қылмысты қайталауы себеп болды.
Тағы екеуі 18 жылға сотталды. Қылмысты жасыру бабымен айыпталғандардың біріне 3 жыл, екіншісіне 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ал тағы бір сотталушы 2 жыл 8 айға бас бостандығын шектеу жазасын алып, рақымшылыққа ілінуіне байланысты сот залынан босатылды.
"Жалпы жеті тұлға қатысқан. Бір тұлғаға іздеу шаралары қолданылған, қазір тергеп-тексеру органы онымен жұмыс істеп жатыр.
Алты тұлға сотқа берілген, оның үшеуі оқиға болған жерге барып, қару қолданып, жәбірленушіге қарай оқ атқан.
Ал қалған үшеуі бармай, қару қолданудан, адам өлтіруден бас тартқан. Бірақ бұл жағдайда қару қолданатыны анық болғаннан кейін, олар полиция қызметкерлеріне хабарлама беруі керек еді", - деп пікір білдірді мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дурен Мадалиев.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2429298-turkistan-oblysyndagy-zhasospirimning-olimi-kudiktilerge-ukim-shyqty/
