Түркістан облысында атыс кезінде қаза тапқан 17 жастағы бозбаланың өліміне қатысты сот үкімі шықты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Түркістан облысында 17 жастағы ер бала қаза тапқан атыс бойынша сот процесі аяқталды, алты адам сотталды, деп хабарлайды "Жетінші арна"
Телеарна мәліметінше, былтыр қарашада Түлкібас ауданында маска киген адамдар көшеде жүрген төрт жас жігітке оқ атқан. Салдарынан 17 жастағы бозбала оқиға орнында көз жұмып, тағы үшеуі ауруханаға жеткізілді.
Іс бойынша барлығы жеті адам күдікке ілінген. Олардың бірі іздеуде, қазіргі таңда тергеу органдары жұмыс жүргізіп жатыр. Қалған алты адам сот алдына келді.
"Олардың үшеуі оқиға орнына келіп, қарумен жәбірленушілерге қарай оқ атқан. Қалған үшеуі оқиға орнына барудан және қару қолданудан бас тартқан. Алайда олар қару қолданылатынын біле тұра, бұл туралы полиция қызметкерлеріне хабарлауы керек еді", - деді мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Дәурен Мадалиев.
Сот шешімімен басты айыпталушы 20 жылға бас бостандығынан айырылды – қатаң жаза қылмыстың қайталануына байланысты тағайындалды. Тағы екеуі 18 жылға сотталды.
Қылмысты жасырды деп айыпталғандардың бірі 3 жылға, екіншісі 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы бір сотталушыға 2 жыл 8 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Алайда рақымшылық қолданылуына байланысты ол сот залынан босатылды.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың 2 қарашасында Түлкібас ауданында суық қару қолдану фактісі тіркелді. Оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, үшеуі медициналық мекемеге жеткізілген болатын.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2429466-turkistan-oblysynda-atys-kezinde-qaza-tapqan-17-zhastagy-bozbalanyng-olimine-qatysty-sot-ukimi-shyqty/
