Астанадағы ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарлама: күдікті Украинада ұсталды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Украинаның Сумы қаласында Астанадағы сауда орталықтарының біріндегі терроризм актісі туралы жалған хабарлама берді деген күдікпен жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ІІМ-нің ақпараттық медиапорталының мәліметінше, 26 тамызда Сумы қаласында Астанадағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде жарылғыш зат жасырылғаны туралы көрінеу жалған хабарлама жіберді деген күдікпен жасөспірім ұсталған.
Арнайы операция Қазақстан ІІМ мен Украина киберполициясының өзара іс-қимылы нәтижесінде жүргізілген.
"Тінту барысында ұялы телефондар, планшет, ноутбук, жүйелік блок және банк картасы тәркіленді.
Электрондық құрылғылардан пайдаланылған аккаунт, жіберілген хабарламаның мәтіні және басқа да цифрлық дәлелдемелер анықталды.
Қазіргі уақытта тәркіленген техникаларға талдау жүргізілуде. Ықтимал сыбайластар анықталып, ұсталған адамның осыған ұқсас басқа да фактілерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр", - делінген хабарламада.
Украинаның құзырлы органдарымен одан әрі процестік шешімдер қабылдау мәселесі бойынша өзара іс-қимыл жалғасуда.
"Қазақстанның Ішкі істер министрлігі ескертеді: нысанды жару, терроризм жасау, кепілге адам алу және қауіпсіздікке төнетін өзге де қатерлер туралы жалған хабарламалар – ойын емес.
Мұндай әрекеттер үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылған. Ата-аналарға балаларға интернеттегі қауіпсіз әрі жауапты мінез-құлық ережелерін түсіндіру, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күдікті белсенділікке назар аудару ұсынылады", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2429789-astanadagy-sauda-ortalygyna-zharylgysh-zat-qoiylgany-turaly-zhalgan-habarlama-kudikti-ukrainada-ustaldy/
