"Зейнетке шыға алмай отыр": Ақтауда медицина қызметкерлері жылдар бойы заңды төлем алмаған
Жарияланған күні:

Ақтауда туберкулезге қарсы орталықтың 90-ға жуық қызметкері зейнетке шыға алмай отыр. Олардың айтуынша, жұмыс беруші зиянды еңбек жағдайы үшін төленуге тиіс 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын 10 жылдан астам уақыт бойы аудармаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ақтауда 20-30 жыл бойы зиянды ортада еңбек еткен медицина қызметкерлеріне 2014 жылдан бері 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы аударылмаған. Енді зейнет жасына жеткендер құжаттарын рәсімдеу кезінде бұл олқылықтың зардабын көріп отыр. Олар жұмыс берушіден жылдар бойы төленбеген жарнаны өтеуді талап етеді.
Зиянды еңбек жағдайы үшін төленетін қаржыдан қағылғандардың бірі – Майра Заханова. Ол туберкулезге қарсы диспансерде 37 жыл мейірбике болып жұмыс істеген. Қызметкердің айтуынша, қосымша жарна 2014 жылдан бері аударылмаған.
"2014 жылдан бастап бізге мекеме атынан зиянды еңбек жағдайы үшін 5 пайыз төленуге тиіс болатын. 2014 пен 2024 жылдар аралығында зиянды еңбек жағдайы үшін төленетін жарна бізге аударылған жоқ. Соны талап етіп отырмыз", – деді Маңғыстау облысы фтизиопульмонология орталығының мейірбикесі Майра Заханова.
Қызметкерлердің айтуынша, бұл мәселе санитарларға да қатысты. Оларға зиянды еңбек жағдайы үшін төлем белгілі бір уақыт аралығында төленгенімен, биылдан бастап тоқтатылған.
"Санитарларға да 2024 жылдың шілде айынан бастап төледі. 2026 жылдың қаңтарынан бастап тоқтатып тастады. "Оларға тиесілі емес" дейді. Егер оларға тиесілі болмаса, 220 коэффициентті не үшін төлеп жатыр? Бізге, мысалы, зиянды еңбек жағдайы үшін 220-190 коэффициент төлейді. Егер оларға тиесілі болмаса, неге төлемді бірден тоқтатпай, төлеп отыр? – деді Маңғыстау облысы фтизиопульмонология орталығының мейірбикесі Светлана Байсарова.
Жалпы, бұл мәселе тек Маңғыстауда емес, басқа өңірлерде де бар екен. Заңгер Ержан Қонаевтың айтуынша, жарнаны өндіріп алу үшін сотқа жүгінгендердің көбі талаптарын дәлелдей алмаған. Оның сөзінше, қолданыстағы заң бойынша міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы кәсіптік медициналық білімі бар және медициналық қызмет көрсететін мамандарға ғана төленеді. Ал санитарлар бұл санатқа кірмейді.
"2014 жылы шыққан қаулы күшін жойып, 2023 жылы №170 бұйрықпен қайтадан күшіне енді. Бірақ онда нақты өндірістік зиянды жағдайда жұмыс істейтін, жұмыс күнінің 80 пайызын сонда өткізетін қызметкерлер, яғни медицина қызметкерлері деп көрсетілген. Туберкулез саласында жұмыс істейтін медицина қызметкерлері туралы айтылып отыр. Бұл жерде мәселе осында. Біздің санитар қызметкерлер медицина қызметкерлеріне жатпайды, – деді Маңғыстау облысы фтизиопульмонология орталығының заңгері Ержан Қонаев.
Заңгердің айтуынша, санитарларға соңғы екі жылда төленген жарна кейін қайтарылған. Ал қызметкерлер мәселені осымен тоқтатпай, өздеріне тиесілі төлемді толық өндіріп алуға ниетті. Олар заңгер жалдап, жарна мәселесін соңына дейін жеткізуді көздеп отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2436883-zeinetke-shyga-almai-otyr-aqtauda-meditsina-qyzmetkerleri-zhyldar-boiy-zangdy-tolem-almagan/
