Ақтөбе облысында балабақшада баланың бетін тырнап тастаған: қызметкер күдікке ілінді
Жарияланған күні:

Ақтөбе облысындағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің көмекшісі кішкентай баланың бетін қасақана тырнап тастаған деген күдікке ілінді. Оның әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Оқиға Шалқар ауданына қарасты Айшуақ ауылында болды. Бейнежазбадан тәрбиеші көмекшісінің түскі уақытта, балалар ұйықтап жатқан кезде бөлмеге кіргені көрінеді. Ол біраз уақыттан кейін төсекте жатқан баланың жанына барып, бетін тырнап, ештеңе болмағандай, бөлмеден шығып кеткен. Кейін бұл әрекеті кездейсоқ болмағаны анықталды.
Сондағы қызметкерлердің сөзінше, балабақшада бұрын меңгеруші болып жұмыс істеген оның бауыры қызметінен кеткеннен кейін, тәрбиешіге кек қайтармақ болған. Сол үшін бүлдіршіннің бетін әдейі тырнап, кінәні тәрбиешінің мойнына ілмек болған. Аталмыш оқиғаға қатысты полиция тексеру жүргізіп жатыр.
"Жұмыс тобы құрылып, зерделеу жүргізіліп жатыр. Құзырлы орган тарапынан іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаға қатысы бар қызметкер осы мекемеде 2009 жылдан бері жұмыс істеді, қазір жұмыстан шеттетілді, жағдай бақылауда", - деді Шалқар ауданы білім бөлімінің басшысы Аян Башанов.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2436901-aqtobe-oblysynda-balabaqshada-balanyng-betin-tyrnap-tastagan-qyzmetker-kudikke-ilindi/
