jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    "Балабақшада бүлдіршіннің қолы сынған": ата-анасы істі қайта қарауды талап етуде

    ойнап отырған бүлдіршін
    Бүлдіршін. Иллюстрациялық фото: pixabay.com

    Петропавлда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жекеменшік балабақшаға қатысты дау туды. Екі жастағы бүлдіршіннің ата-анасы мекемеге барғаннан кейін ұлының мінез-құлқы өзгеріп, денесінен көгерген іздер байқалғанын айтады. Кейін қолы сынған. Ал бейнебақылау жазбаларынан оның бірнеше рет жабық балконда жалғыз қалғаны белгілі болды. Алайда тергеу қызметкерлердің кінәсін растайтын жеткілікті дерек таппай, қылмыстық істі тоқтатқан. Бұл шешіммен келіспеген отбасы істі қайта қарауды талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

    Оқиғаның өрбігеніне бір жылдан асқан. Ол кезде небәрі 2 жастағы Миронды ата-анасы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған балабақшаға береді. Көп ұзамай бүлдіршіннің мінезі өзгеріп, топқа кірерде жылайтын болған. Кейін ата-анасы оның білегінің көгергенін көреді. Тәрбиешілер мұны "басқа бала бөтелкемен ұрды" деп түсіндірген. Арада біраз уақыт өткенде Миронның қолы сынады.

    Бірақ отбасының күдігін күшейткен жағдай мұнымен бітпеген. Бір күні олар ұлын жабық балконнан көреді. Ал бейнебақылау жазбаларынан мұндай жағдайдың бұған дейін де бірнеше рет қайталанғаны анықталған.

    "Балкон жабық, пердесі түсіріліп тұрды. Тәрбиешілер ішке кіргізгенде, салқын күнде баламыздың еденінде ұйықтап жатқанын көрдік. Осыдан кейін басшылықтан бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көрсетуді талап еттік. Сонда баламызды бұған дейін де бірнеше рет балконға қамап қойғанын анықтадық", – деді баланың әкесі Владимир Хлевов.

    Миронның ата-анасына бейнежазбалардың көшірмесі берілмеген. Сондықтан олар камерадағы кадрларды ұялы телефонға түсіріп алған. Кейін полицияға бірнеше рет арыз жазып, істің ақ-қарасын анықтауға тырысады. Қылмыстық іс қозғалғанымен, тергеу бірнеше мәрте тоқтатылған. Отбасы өзге де жауапты органдарға жүгінгенімен, олар жағдайға қатысты камера алдында пікір білдіруден бас тартыпты.

    "Қажетті тергеу амалдары жүргізілді. Куәгерлерден жауап алынып, бейнежазбалар зерттелді. Балабақша қызметкерлерінің кінәсін растайтын деректер анықталған жоқ. Осыған байланысты қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына орай істі тоқтату туралы шешім қабылданды. Бұл шешімді Петропавл қаласының прокуратурасы бекітті", – деді қалалық Полиция басқармасының аға тергеушісі Жалғас Амантай.

    Алайда Миронның ата-анасы тергеу қорытындысымен келіспейді. Олар істің барлық мән-жайы толық зерттелмеді деп есептеп, қайта қарауды талап етіп отыр.

    "Мектепке дейінгі мекемеде балаларға тиісінше қарамау дерегі бойынша әкімшілік шара қолданылды. Нәтижесінде балабақша меңгерушісі жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Ал тәрбиеші мен оның көмекшісімен еңбек шарттары бұзылды", – деді Білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

    Оқиғаның мән-жайы толық зерттелмеді деген ата-ана істі қайта қарап, оған жан-жақты құқықтық баға беруді талап етіп отыр.

    "Балабақшада бүлдіршіннің қолы сынған": ата-анасы істі қайта қарауды талап етуде

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram