24 млн теңге залал: қазақстандықтар балаларын Испаниядағы футбол турниріне жіберемін деп сан соғып қалды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Астанада балаларды халықаралық футбол турниріне апарамын деген желеумен қазақстандықтарды 24 млн теңгеге алдаған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды елордалық прокуратураға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Астана қаласы прокуратурасының сайтында хабарланғандай, сотталған адам жас футболшылардың ата-аналарын балалары "барлығы қамтылған" тарифі бойынша Испаниядағы турнирге бара алатынын айтып, сендірген.
"Ол турнирге қатысу ақысын, әуе билеттерін, визалық қызметтерді, балаларды алып жүру және спорттық киім сатып алу шығындарын төлеу деген түрлі сылтаулармен жәбірленушілерден ақшалай қаражат алған.
Алайда іс жүзінде өзіне алған міндеттемелерін орындамай, алынған ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланған", - делінген хабарламада.
Прокуратураның мәліметінше, 9 жәбірленушіге келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 24 млн теңгеден асады.
Сот үкімімен ер адам 3 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Келтірілген залал сотталған адамнан өндіріп алынған.
"Балалардың шетелдегі спорттық жарыстарға сапарын ұйымдастыру кезінде ұйымдастырушылардың өкілеттіктерін, турнирге ресми шақырудың, тиісті шарттардың, әуе билеттерінің және брондауды растайтын құжаттардың бар-жоғын мұқият тексеру қажет. Тек ауызша уәделерге сеніп, ірі көлемдегі ақшалай қаражатты бермеңіз", - деп ескертеді қала прокуратурасы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2440137-qazaqstandyqtar-balalaryn-ispaniiadagy-futbol-turnirine-zhiberemin-dep-san-sogyp-qaldy/