"Әскери комиссариат қызметкерлері болып танысқан": Астанада белгісіз біреулер ер адамды өзімен әкетпек болды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Астанада белгісіз адамдар өздерін әскери комиссариат қызметкерлері деп таныстырып, ер адамды алып кетпек болған. Елордалық полиция азаматтардың жеке басын анықтады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Threads желісінде miras_karimbekov есімді қолданушы Астанада өзі мен жүкті әйелінің басынан өткен оқиға туралы жазды. Оның сөзінше бұл алаяқтардың жаңа айласы болуы мүмкін.
"Әдеттегідей, әйелім екеуміз жұмыстан шығып, үйге жаяу қайттық. Жолда артымыздан екі бейтаныс ер адамның келе жатқанын байқадық. Үйге жақындағанда, олар мені аты-жөніммен атай бастады.
Сосын өздерін әлдебір департамент қызметкерлеріміз деп таныстырып, әскери комиссариаттан келгенін және өзімен бірге жүруді сұрады. Менде жарамсыздық туралы анықтама барын түсіндірдім, бірақ олар қоймады. Бірнеше минуттан кейін тағы бір ер адам келіп, үшеуі бізді қоршап алды", - деді ер адам.
Автордың айтуынша, әйелі оқиғаны камераға түсіре бастағанда, олар беттерін жасыра бастаған. Ал полиция шақырамыз деген сөзден кейін олар жан-жаққа қашып кеткен.
NUR.KZ тілшісі түсініктеме алу үшін Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласты.
"Полиция қызметкерлері ер адамдардың жеке басын анықтады. Олардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады", - деп атап өтті полиция өкілдері.
Бұл ретте анықталған азаматтардың әскери комиссариат қызметкерлері ме, әлде жоқ па - нақтыланбады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2440705-askeri-komissariat-qyzmetkerleri-bolyp-tanysqan-astanada-belgisiz-bireuler-er-adamdy-ozimen-aketpek-boldy/